Ана сүтімен, әке қанымен дарыған

Бұл азамат – Елубай Арықбиұлы Сейітов. Жангелдин ауданының Торғай ауылында тұрады. 1995 жылдан бері зергерлік бұйымдар жасаумен айналысып келеді. Өзіндік ерекше үлгісі бар зергер екені тұрғындарға мәлім. Қазақтың ұлттық бұйымдарын дәріптеп жүрген зергермен жүздесудің сәті туып, үйіне бардық. Қарапайым азамат қонақжайлылығын танытып, асты-үстімізге түсті. Мен келгендегі басты шаруамды айтып, шағын шеберханасына кірдік. Жұмыс үстелінің үстінде ескі күміс тиындарды көзім шалып, әңгімеге тарттым. Зергер осы тиындарды балғаның көмегімен көлемін үлкейтіп, тот басқан жерін тазалап, арнайы құрылғы арқылы ою-өрнек салып, шаш-теңге, мойын алқа жасайды екен. Зергерлік, ұсталық өнер оған нағашыларынан дарыған. Бізбен бірге еріп барған нағашысы Қайсар Искаков: “Тиыннан теңге құрағанды естуші едім, ал бұл тиынан сақина құрап жүр”, – деп әдемі қазақы әзілімен жиенін қағытып қойды. Ерекең сәл жымиып, зергерлік бұйымдардың жасалу жолымен таныстырды. Елубай АрықбиұлыКөрген көзге оңай болғанымен машақаты өте көп. Тек сабырмен төзім болса болғаны. Елубай Арықбиұлы аудандық электр жүйесінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Жұмыстан тыс уақытында шеберханаға кіріп алып, зергерлік бұйымдарды жасаумен айналысады. Ерекең соққан сақина, ілгек, жүзік, шолпы сырға, шашбау, өңіржиек, білезік, бас жүзік сынды бұйымдар сұранысқа ие. Жүзік – қымбат тастардан көз орнатылған жалпақ сақина түрі. Біздің кейіпкерімізде қымбат асыл тас болмағандықтан қалың қауырсыңды ерітіп, оны жарқыратып тазалап, жүзік бетіне салған. Көзбен көрсеңіз, нағыз асыл тастың өзі екен деп қаласыз. Мына суреттегі қара көзі бар жүзік соның дәлелі.
Бағасы да қолжетімді. Кей уақытта арнайы тапсырыстар қабылдайды. зергерлік бұйымдарОрайы келгенде Ерекеңнің отбасы жайлы да айта кетейін. Отанасы аудандық ауруханада мейірбике. Көптің алғысын арқалап жүрген ақ халатты абзал жан. Алла берген 4 баласы бар. Оның екеуі – студент. Бірі Қостанай қаласында жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Екіншісі Жезқазған қаласында темір жол саласын меңгеруде. Ортаншы ұлы Арман – Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы. Кенжесі балабақшада. Зергер ұсталық қасиет Арманың бойынан байқалып келетіндігін айтып отыр.
-Қазақтың мәдениеті, салт-дәстүрі, ұсталық өнері ертеден халықпен біте-қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып келеді. Рухани жаңғыру ұран болып тұрған шақта өскелең ұрпағымызды ұлттық рухта тәрбиелеп, дәстүрімізді насихаттап, ата кәсіптің берер тағылымы мол екендігін ұғындыра білсек, біз үшін зор бақыт осы. Қазақтың ұлттық нақышын, көркемдік негізін қаз-қалпында сақтап, мирас ретінде жалғап келе жатқан зергерлік өнердің тарихы тереңде. Әрине, түсінген адамға. Қолымнан келгенше зергерлік бұйымдарды шын ниетпен жасауға тырысамын. Содан болар – жасаған әшекейлер көпшілікке ұнап жатады. Осы кәсібім арқылы қоғамға, туған еліме пайдам тиіп жатса, соған да шүкіршілік етемін. Жасаған бұйымдарды сатып баю емес, ұлттық өнерімізді қастерлеп, жас ұрпаққа аманаттау – басты арманым, – дейді зергер.
 
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ,
Жанкелдин ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓