Өнеге еттік ұрпаққа

Ел ауызында жүрген Қарабас баба туралы қазақ тарихында аз жазылған жоқ.  Ондай  мағлұматтардың   кейбіреуін біз шамамыз келгенше облыстық "Қостанай таңы" газетінің бетінде жарияладық. Сонда да болса баһадүр батыр бабамыз туралы мына бір қысқа мәліметті оқырмандар назарына ұсынсақ артықтық етпес деп ойлаймын.о-2
2004 жылы Алматыдағы "Кітап" баспасынан  Жанұзақ Қасымбаевтың  "Последний поход хана Кенесары и его гибель" деп аталатын тарихи туындысы жарық көрді.  Осы кітаптың 118-ші бетінде мынадай бір дерек бар: "Қасым төренің ұрпақтарынан ханның көзі тірісінде төрт-ақ адам қалды: ағасы Наурызбай, Саржанның ұлдары – Ержан, Құдаймеңді және Есенкелдінің ұлы – Жахангер. Қырғыз елін  күшпен басып алғанда, оның туының астында даңқты батырлар Ағыбай, Шәкір, Жәуке, Төлебай, Бұғыбай, Көбек, Боршы, Базар, Танаш, Жанайдар, Жарқын, Нұрабай,  Қарабай,  Қарабас және басқалары болды.  Кенесарыға дейін кіші жүз бен Орта жүз тайпалары мен руларының өкілдері Жетісу өңірін азат етуге қатысты…"о-1
Міне, қазақтың ұлан-ғайыр даласын ақ  найзаның  ұшымен  қорғаған  жаужүрек батырларымыз туралы осылай деп жазылған. Мұндағы Қарабас батыр, әрине Орта жүздің Арғын тайпасынан тарайтын Шақшақ нәсілінің өкілі Қарабас әулие екендігі әмбеге аян.  о-3
 … Баба есімін жаңғырту – бүгінгі ұрпақ парызы. Сол жолда біз не істедік? Енді соған тоқталғым келеді.
Қарабас бабамызға ескерткіш қою үшін  қолайлы жерді көру мақсатында Жанкелдин ауданы Ақшығанақ ауылына жолға шықтық. Онда бармас бұрын аудан орталығы – Торғай кентіне соғып, Жанкелдин ауданының әкімі Асқарбек Кенжеғариннің қабылдауында болдық. Аудан басшысына біз Қарабас бабамызға ескерткіш орнатсақ деген ойымызды білдіргенімізде, ол кісі: "Ата-баба тарихына терең үңіліп, туған жеріне ескерткіш орнатса немесе басқа да іс-шаралар өткізіп жатса, неге құптамасқа. Тек, ескерткіш қойылатын жерді заң тәртібімен рәсімдеп, құжаттарын алу қажет" – деп ескертті.
Кейіннен ашылу салтанатына да уақыт тауып қатысып, өзінің жүрекжарды лебізін айтты аудан әкімі. Біздер Қарабас руы үлкендерінің атынан Асқарбек Ахметбекұлына алғысымызды айтамыз. Торғай елін түлетудегі еңбегі жемісті болсын!о-4
Ескерткіш қойылатын жерге алғаш қадам басқанымызда, менің жанымда Ақшығанақ ауылында тұратын құрдасым әрі туысым Ғалымжан (Қалтай)  Рамазанұлы, Торғайда тұратын інім Бақыт Мизамбекұлы және Ақшығанақ ауылының әкімі Бақытжан Торбаев бар болатын. Қарсақбасының шыңына шығып, жан-жағымызға қарап тұрсақ айналамыз алақанға салғандай анық көрінеді екен. Қарабас бабамыздың қарауыл төбесі болған жер, бабамыздың ескерткішін орнатуға да лайықты орын екен деген шешімге келдік. Діни тұрғыдан туындаған сұрақтарымызды Торғай кентінде Бас имам болған Шоқан қажы Ғазизұлымен ақылдастық. Ол кісі шариғат жолымен дұрыс жол нұсқап, ақыл-кеңесін беріп, тілеуімізді тілеген жандардың бірі. Шоқан Ғазизұлына да отбасымыздың атынан алғыс айтамыз.
Осы бабамыздың асына қатысқан құрметті қонақтардың ішінде Ақшығанақ ауылының ардақты ақсақалдары Манаш Сүйінұлы мен Асанхан Шалабайұлы жиналған көпшілікпен бірге болып, өздерінің баталы сөздерін арнады. Баба тарихынан сыр шертіп, ақ тілектерін жолдады. Елдің арасындағы осындай ақылман ақсақалдарымыз азаймасын! Елдің, халықтың тілеуін тілеп, ортамызды толтырып және кейінгі өскелең ұрпаққа айтқан бата-тілектері қабыл бола берсін!
Ат жарыс десе ішке асын жерге қойып, делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә! Жүлдеге "Нива" тігілген аламан бәйге, "Калина" автокөлігі тігілген тоқ бәйге және ақшалай ұтыс қойылған тай бәйгелердің бәсі өте жоғары деңгейде өтті. Осы ат жарыстың басынан аяғына дейін жүрген  ішкі істер органдарының полковнигі Айбат Ахатұлы мен Жанкелдин аудандық спорт бөлімінің басшысы Қазбек Аймақовтың еңбегі көп.
Қарсақбасының төбесіне Қарабас бабаның қара шаңырағы етіп арнайы тапсырыспен жасалған он екі қанатты ақ үй тігілді.  Оның түтінін түтетіп, қара қазанын көтерген баба ұрпақтары Боранбай (Бораш) Рамазанұлы, Төленді Базаров және Сұңғат Қазанатов інілеріміз отбасыларымен  ет асып, ас беру жұмыстарын атқарысты.  Ауыл  орталығындағы  "Ақ-ниет", "Аққу" кафелерінде 500 адамға ас беру жұмыстарының басында жүрген қарындасымыз Гүлбаршын Махина мен ауылдағы келіндерімізге, қарындастарымызға да айтар алғымыз шексіз. Баба рухы  Сіздердің  игілікті  істеріңізді әрдайым сауаптан жазсын!
 
Бек Жүсіпов.
Қостанай қаласы.
 
Суреттерде: ел ағалары Қарабас бабаның тойында; ат жарысқа тігілген жеңіл көліктер; баба ескерткішінің жанындағы ақшаңқан үй; шабандоздар сөреге жақындады.
Суреттер автордың жеке мұрағатынан алынды.
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓