Қалибек ДЕРІПСАЛДИН: «Менің мақсатым – Қазақстанда Қостанай облысының өнері мен мәдениетін насихаттау»
Елге танымал, көрнекті композитор Қалибек Деріпсалдин 65 жаста. 150-ден астам әннің авторы, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР композиторлар Одағының мүшесі, талантты жерлесіміз бұл датаны елден ерекше атап өтуді жоспарлап отыр. Бұған дейін жазғанымыздай, сазгердің мерейтойы қарсаңында Қалибек Деріпсалдиннің әндерінен «Көктем-қыздар» республикалық ән байқауы өтпек. Бұл қуанышты жаңалықты Қалекең тыңдармандарымен бөлісуді жөн санапты -Қалибек аға, әуелі, 65 жасыңыз құтты болсын демекпін! Еліміздегі композиторлардың ішінде өзінің қолтаңбасы бар, өзіндік стилі менмұндалайтын Қалибек Деріпсалдинді білмейтін жан кемде-кем. Сіздің әр концертіңізде жұрт ине шаншар орын таба алмай кеткеніне талай куә болдық. Сол тыңдарман қауымға биыл ерекше форматтағы ән кешін арнамақ екенсіз, осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
-Биыл – 65 жас мерейтойым және өнер жолында жүргеніме 45 жыл. Осынау айрықша датаны жұрт сияқты шығармашылық кеш беріп атап өтуге болар еді, бірақ халықтың есінде қалатындай ерекше дүние жасағым келді. Құдайға шүкір, жеке концертіміз жыл сайын өтіп жүр ғой. Енді жұртқа пайдалы болатын нәрсе ұйымдастырсам деп ойладым. Бүкіл Қазақстан Қостанайда қандай талантты композиторлар бар екенін білсін дедім. Мәселен, Алматыда Нұрғиса Тілендиев пен Әсет Бейсеуов атындағы, Таразда Алтынбек Қоразбаев, Шымкентте Шәмші Қалдаяқов, Оралда Ескендір Хасанғалиев, Семейде Теміржан Базарбаев, Қызылордада Кеңес Дүйсекеев және Бексұлтан Байкенжиев атындағы республикалық ән байқаулары жыл сайын өтіп тұрады. Соған сәйкес Қостанайда да осындай бір конкурс өтуі заңды. Сосын облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Болатұлына барып, Қалибек Деріпсалдиннің әндерінен республикалық ән байқауын өткізейік деп ұсыныс тастадым, ол кісілер қолдай кетті. Ойласа келе, конкурстың атын кең тараған әндерімнің бірі «Көктем-қыздар» деп қойдық. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолдауымен, Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов пен мәдениет басқармасы бірлесіп, 12-13 сәуір күндері Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда өткізетін болып шешті.
-Сайыстың өту барысы қалай болмақ, қандай кезеңдерден тұрады?
-Жарыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде әр қатысушы Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармониясының ұлт-аспаптар оркестрінің сүймелдеуімен екі ән орйындайды. Оның біреуі хабарландыруда алдын ала көрсетілген менің әндерімді айтады, екінші ән қазақтың көрнекті екі ұлы композиторы, Қостанай өңірінің талантты перзенттері классик Бақытжан Байқадамов пен лирик Әбілақат Еспаевтың әндері болуы керек. Өйткені, біз Болат Хамзиннен бастап бәріміз осы екі кісінің шекпенінен шыққанбыз. Яғни, бірінші кезеңнің екінші әні ретінде төрт композитордың, Бақытжан Байқадамов, Әбілақат Еспаев, Болат Хамзин, Бақытжан Сәуекеновтің біреуінің туындысын нақышына келтіре шырқау басты талап. Мұндағы басты мақсатымыз – тек менің әнімді ғана емес, Қостанай компазиторларының туындысы арқылы облыстың өнері мен мәдениетін насихаттау, халыққа таныту. Біреулер дұрыс түсінбей қалуы мүмкін, мен өзімді дәріптейін деп отырған жоқпын. Менің міндетім – өзім арқылы жоғарыда аталған композиторлардың әндерін дәріптеу.
Екінші кезең – эстрадалық кезең. Мұнда тек қана менің әндерім айтылады. Сонда бір әнші бас-аяғы 3 әнді орындайды. Соңында барлық кезең бірге бағаланады.
Жүлде қоры қомақты, оны әзірше жарияламай-ақ қоялық. Бірақ бас жүлде және бір 1-орын, екі 2-орын, үш 3-орын берілмек. Бұның сыртында арнайы 3 сыйлық болады. Сонда 17 қатысушысының 10-ы сыйлыққа, қалғандары марапатқа кенеледі. Бәріне ақшалай беріледі, тек арнайы сыйлық қана заттай болмақ. Ешқандай демеуші жоқ, барлығын облыс және қала әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасы көтеріп отыр.
Әділ қазылар құрамы да осал емес. Арнайы Алматыдан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор, Қазақстан композиторлары одағының басқарма мүшесі, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, Алматы облысының құрметті азамат Бейбіт Дәлденбай мен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор, Одақ мүшесі, Астана мемлекеттік өнер университетінің профессоры, аталмыш байқаудың төрағасы Ермұрат Үсеновті шақырып отырмыз. Бұдан соң ҚР еңбек сіңірген әртісі, Ақмола облыстық филармониясының әншісі, Торғайдың бұлбұл қызы Ғазиза Жұмакенова мен ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі композитор Бақытжан Сәуекенов және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның ұлт-аспаптар оркестрінің бас дерижері әрі көркемдік жетекшісі Назымбек Молдахметов төрелік етпек.
Сондай-ақ, құрметті қонақтарымыз да бар. Бірнеше халықаралық конкурстың жеңімпазы, танымал әнші Есет Сәдуақасов келмек. Сол «Көктем-қыздар» әнін алғаш дәріптеген де да осы азамат болатын. Қазір бұл әнге де 42 жыл болды. Сосын Сүндет Байғожин деген әнші ініміз келуі мүмкін. Алайда, ол жуырда Италияға жол жүрмек, реті келсе, конкурстың құрметті қонағы болуға уәде етті.
-Байқауда бағы мен бабын сынауға қанша әнші өтініш білдіріп отыр, аға?
-Конкурс туралы мәдениет басқармасы алдын ала барлық облыстарға хабарландыру жіберді. Қазір нақты 17 әнші қатысуға дайын. Соның алтауы басқа облыстардан. Қалғаны Қостанай, Аманкелді, Жанкелдин, Алтынсарин, Меңдіқара аудандары мен Қостанай қаласының өнерпаздары.
Қатысушылар тек жол шығынын ғана өз қаражаттарынан төлейді, қалған жататын орын, тамағы, жүріс-тұрысы ұйымдастырушылар көтеріп отыр.
Жарыс үш күнге созылады. 11-сәуір күні қатысушылар келіп орналасады, 12 күні байқау өтеді, 13-і гала-концерт, сол күні марапаттау рәсімі өтеді. Оған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзі келіп қатысуы мүмкін.
-Ән байқауының дәстүрлі түрде жылдан жылға жалғасуы мүмкін бе?
-Ол ойда бар, алайда оны халықтың ықыласына қарай көреміз. Әуелі алғашқысы өтсін, сосын тыңдарманның пейіліне, қабылдауына байланысты ойласармыз. Мысалы бәрі қолдап, кейін демеушілер табылып жатса, неге өткізбеске?! Жыл сайын немесе екі жылда бір өткізіп тұруға әбден болар еді. Ал егер жұрт жылы қабылдамаса, оны өткізіп керегі шамалы.
Қазір композитор да көп. Менен көріп, ертең басқасы өткізгісі келеді. Қазақстан композиторлар одағының облыстағы жалғыз мүшесі және Еңбек сіңірген қайраткері ретінде бұл байқауды өткізуге хақым бар шығар. Биыл жергілікті билік қолдап отыр, осы арқылы жақсы жарнама жүріп, кейін демеушілер табылса нұр үстіне нұр болар еді.
-Аға, осы байқау арқылы өзіңізден үлкен аға буынды көрсетіп, барынша ұлықтап жатырсыз, ал соңыңыздан ерген сазгер інілеріңізге зер салып жүрсіз бе? Талантты жандар бар ма?
-Қостанайда сазгерлік мектеп жақсы дамыған. Көптеген таланттар шықты әлі де шығып келеді. Әуезді ән жазып жүрген жас композиторлар бар. Сапар Молдабеков, Азамат Мұқатов, Жанболат Сәуекенов, Жарқынбек Деріпсалдин сияқты жігіттерді ерекше атап өтер едім. Аяқ алыстарын үнемі бақылап, жөн сілтеп жүреміз.
Тобыл-Торғай өңірі сазгерлерге кенде емес, тек соны көрсету керек, азаматтар өздері талпыну қажет. Қазір ешкім әкеп ештеңе әкеп бермейді. Өзіңді-өзің дәріптейсің. Егер өз еңбегіңді, бойыңдағы бар талантыңды көрсетпесең, оны ешкім құнттамайды, көк тиынға да керек емес, далада қаласың. Мейлі, басыңнан алтын тамып тұрса да солай. Барынша облыстық, республикалық байқауларға қатысу керек. Қазақтың халық әндерін, халық композиторлары мен Қазақстан композиторларының шығармаларын жақсы білу керек, ұлыларға еліктеу керек. Бәрі сол еліктеуден басталады. Мен Әсет Бейсеуов пен Нұрғиса Тілендиевке қатты ұқсағым келді. Еліктеу деген оның әндерін ұрлау емес, сол сияқты ғажап әндер жазу, соның деңгейіне жету, оның білімін, ұтымды жерлерін меңгеру.
-Мерейтой аясында тағы қандай шараларды өткізу ойда бар?
-Осы жылдың аяғында Астанада жеке концертімді бергім келеді. Бұған Тобыл-Торғай топырағының өнерпаздарын ертіп апарамын. Оған да Қостанай облыстық мәдениет басқармасы көмектесеміз деп уәде етіп отыр. Бұрын Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Орал, Атырау, Шымкент, Тараз қалаларында жеке концертімді бердім. Алдағы жылдары Қызылорда мен Ақтөбе облыстарында жалғастырмақпын. Сосын, жүзден астам әнім топтастырылған «Тобыл-Торғай әуендер» атты екінші ән жинағым жарыққа шықты. Тек Қостанай мен Торғай туралы әндер. Бәрі туған жерге арналған. Облыстағы бірқатар аудандарға арналған әндер бар, кез келген адам іздесе, оңай тауып ала қояды. Бұған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен қала әкімі Базыл Жақыпов демеушілік жасап отыр. Жинақтың тұсаукесері «Көктем-қыздар» конкурсының гала-концертінде өтпек.
-Қалибек аға, қуанышты жаңалығыңызбен бірініші «Қостанай таңы» газеті арқылы бөліскеніңізге рахмет! Барлық игі істеріңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ