Қарғын су қатаң бақылауда
Сақтықта қорлық жоқ, өңірімізде көктемгі су тасқынына қарсы кешенді әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Соңғы мәліметтерге қарағанда, облыс аумағында 100 елдімекенді, 8 277 халқы бар 2 336 тұрғын үйді, 127 автокөлік учаскесін (ұзындығы 36,8 шақырым) және электр тарату желісінің 17 аумағын су басуы ықтимал. Бұл туралы аймақтық әкімдікте өткен кеңейтілген жиында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімов баяндады.
Су басу қаупі бола қалған жағдайда ол елдімекендердің тұрғындарын уақытша баспаналарға орналастыру да назардан тыс қалмаған. Ол үшін жатаханалар, қонақ үйлер, білім беру ғимараттары қатарлы 152 нысан әзірленіп қойыпты.
– Жергілікті атқарушы органдар үй жануарларын 46 ауыл шаруашылық ұйымына орналастыруды көздеп отыр. Қалалар мен аудан әкімдіктері жалпы 23 мың тонна инерттік материалдар, 51 мың дана қапшық, 123 тонна жанармай дайындап отыр. Қостанай облысы әкімінің 20 наурыздағы №117 өкіміне сәйкес азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі Қостанай облысының аумақтық кіші жүйесі жоғары әзірлік режиміне өткізілді. 24 наурыздан бастап облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс орталығында су тасқыны жағдайы өршу кезінде күш құралдарын басқару және жұмыстарды үйлестірудің өңірлік жедел штабы құрылды, – деді Т.Кәкімов. Жергілікті атқарушы органдардың су тасқынына дайындығын бағалау және су өткізетін құбырларды тазалау жұмыстарын қадағалау үшін облыстық ТЖД мобильді топтар құрылып, Арқалық қ, Әулиекөл, Науырзым, Қарасу, Қостанай, Сарыкөл, Ұзынкөл және Мендіқара қатарлы қауіп деңгейі бар аймақтарға жіберілетін болады. 23 наурызда Арқалық қаласы мен Аманкелді ауданына алғашқы мобильді топ жөнелтілген екен. Аймақта авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 915 бірлік техника, соның ішінде 154 су сору құрылғысы және жеке құрамның 2,5 мыңға жуық адамы әзір тұр.
Бұдан бөлек, Қостанай ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, Надеждин ауыл округі әкімдігі және «Павлов» шаруа қожалығының қызметкерлері «Шыңсай» бөгетінде кезекшілік ұйымдастырылуда. Ал табиғат құбылысының алдын алу мақсатында гидротехникалық құрылыстарды бақылау бойынша кезекшілік ұйымдастырылып жатыр. Олар: Науырзым ауданы Буревестник ауылында, Алтынсарин ауданының «Докучаев», Қарасу ауданы Степное селосындағы Айдарлы өзенінде, Октябрь селосындағы Тімтуір өзенінің жоғарғы су тастайтын жерінде, Железнодорожный ауылындағы Қарамырза өзенінің №1 бөгетінде және Қарасу өзенінде, Амангелді ауданы Жалдама өзеніндегі «Машдвор», Әулиекөл ауданындағы «Көктал», Ұзынкөл ауданы Ұзынкөл селосындағы «Балықты» көлі мен Новопокров селосында, Сарыкөл ауданы «Сарыкөл» көліндегі бөгеттер.
Бұған қоса, өңірдегі жергілікті атқарушы органдары мен жол мекемелері 15 наурыздан бастап су өткізетін құбырларды тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал облыстық ТЖД мен Қазгидромет мекемесі бірлесіп, ақпан және наурыз аралығында Тобыл, Қарасу және Обаған өзендері бойында қар өлшеу жұмыстарын жүргізіпті. Мамандар қардың қалыңдығы көп жылдардағы орташа мөлшерден аспайды деген қорытынды жасап отыр.
Айтпақшы, ТЖД бастығының су қоймаларында наурыздың аяғынан мұз жару жұмыстарын жүргіземіз деген сөзіне «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы басшысы Л.Кузьмина күннің суытатынын, сол себепті ол жұмысты тоқтата тұруға кеңес берді. Өйткені, аптаның соңында ауа-райы қайтадан салқындайды.
– Апат айтып келмейтін құбылыс, қар жұқа екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Республиканың Шығыс өңіріндегі, басқа да аймақтардағыдай бір күнде жауын жауып кетіп, көшкін су басуы әбден ықтимал. Сол себепті, барлығына дайын болуымыз керек. Аудан-қала, елдімекендермен тұрақты байланыс ұстап, ауа-райын үнемі бағдарлап отырыңыздар, – деп облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қадап тапсырды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ