“Алтын микрофон-2021”: жеңімпаз кім?
Қостанай қаласында ХVІІІ Халықаралық "Алтын микрофон" вокалистер фестивалі өтті. Дәстүрлі байқауда елдің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келген жас дарындар бақ сынасты. Биылғы фестивальдің ақтық сынына еліміздің әр өңірінен және бес мемлекеттен 40 өнерпаз жолдама алған. Үздік үміткерлердің қай-қайсысы да халықаралық беделді байқауларда жарқырай көрініп жүрген дара дарындар. Тобыл төріндегі фестивальде топ жару – барлығының көкейіндегі жалғыз тілек. Әрбірі – жүзден жүйрік шыққан талант иелері. Әрбірі жеңіс тұғырынан көрінуге лайық. Финалдық бәсекеге жолдама алған қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты кіші, орта, ересек және кәсіпқой болып жіктелген төрт топта өнер көрсетті. Шарт бойынша әр үміткер екі айналымда өз қалауларындағы екі композиция орындауы тиіс болды. Айта кетейік, Қостанай облысының атынан Нұржайна Таубалды, Ясмина Аюпова, Варвара Чеснокова және Алмат Жаңабай сынға түсті. Жас әншілерге Армения, Болгария, Қырғызстан, Белорусия, Украина елдерінен келген халықаралық деңгейдегі қайраткерлер, сондай-ақ қазылар алқасының төрағасы Жеңіс Сейдоллаұлы бастаған қазақстандық өнер майталмандары төрелік жасады. Өз ісінің білгірлері әр қатысушыға өнеріне сай баға беріп отырды.Сонымен, фестиваль қорытындысында әр топтың ішінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Атап айтқанда, 7-10 жас аралығындағы талапкерлер ішінен. 1-орын Алсу Ұлтуғановаға бұйырды. 3-орынға қостанвйлық Нұржайна Таубалды ие болды. 11-13 жас аралығындағы қатысушылар арасынан 1-орынды жерлесіміз Ясмина Аюпова иеленді. 2-орынды Мирас Максимов алса, 3-орынды Софмя Мангазина, Жасмин Тілеуғабылова, Мұхамеддин Тоқтасын бөлісті. 14-17 жас аралығында 1-орынды Дария Матвеева еншіледі. 2-орын украиналық Богдана Оборжитская мен болгариялық Патрисия Семеноваға бұйырды. "Кәсіпқойлар" тобында 1-орынды қостанайлық Алмат Жаңабай қанжығасына байлады. 2-орынға түркиялық Волкан Талшык лайық деп танылды. Әр марапаттау рәсімінен соң 1-орын иелері өздерінің үздік әндерін орындады.Сонымен қатар, биыл алғашқы рет Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, көп жылдары бойы осы байқаудың қазылар алқасының тұрақты төрағасы болған өнер майталманы, артына өшпес із қалдырған Кеңес Дүйсекеевтің құрметіне арнайы жүлде тағайындалып, оны қызылордалық Ералы Ескендір иеленді. Ал, ХІІІ Халықаралық "Алтын микрофон" жас вокалистер байқауының Гран Приін елордалық жас әнші Аслан Амангелдиев жеңіп алды. Оған фестивальдің бас бәйгесін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімова табыс етті. Айы оңынан туып, айдарынан жел ескен дара дарын өзіне жеңіс сыйлаған әнін кезекті мәрте шырқады. Айта кетейік, қазылар алқасының мүшесі, Қырғызстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі жыл сайын өз елдерінде өтетін әншілер байқауына үш жас дарынды шақырды Атап айтқанда, ол Нұржайна Таубалды, Мұхамеддин Тоқтасын және София Утюпинаны айыр қалпақты ағайынның елінде өтетін байқауға жолдама берді.
Тобыл-Торғай өңірінің брендіне айналған ауқымды ән байқауын Қостанай облысының әкімдігі, облыстық Мәдениет басқармасы, облыстық Көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы ұйымдастырды. Құрметті меймандар фестивальдің жоғары деңгейде өткенін айтып, ыстық лебіздерін жеткізді.