Ыбырай туралы жаңа кітап жарық көрді
22 желтоқсанда «Алматы кітап» баспасынан Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен қызметі туралы сыр шертетін «Даланың таза бұлағы» атты кітап жарық көрді. Еңбек мұрағат, мұражай және экспедиция зерттеулерінің материалдарына негізделіп жазылған.
Экспедициялық топ Ресей және Қазақстан аумағындағы мұражайлардан фотосуреттер мен видеодеректерге қол жеткізген. Кітап ішіне орналастырылған QR-код көмегімен деректі фильм көріп, мазмұнымен аудиоиллюстрация арқылы танысуға, Ы.Алтынсарин мұражайына сапар шегуге мүмкіндік те бар.
Туынды Алматы қаласында өткен «Ұлы Жібек жолымен-2022» халықаралық көрмесі аясында «Жылдың үздік кітабы» номинациясы бойынша Гран Приді де иеленді.
«Кітапты тың материалдармен толықтыру үшін оған лайықты фотосуреттер, видеолар керек болды. Сол үшін біздің "Алматы кітап" баспасынан арнайы экспедециялық топ құрылды. Олар Арқалық, Торғай, Қостанайдан бастап, сонау Ресейдегі Троицк жеріне дейін барып, эксклюзивті материалдарды жинады. Оның бәрі осы кітапқа енгізілді», – дейді баспа президенті Гаухар Саймасаева.
Іс-шараға ҚР Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Ы.Алтынсарин жайында жазылған «Алтынсарин алауы» атты төрт бөлімді тарихи романның авторы Нұрдәулет Ақыш, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы, журналист Ертай Айғалиұлы, «Білімді ел» газетінің жетекшісі Ләззат Түркістанова сынды ел руханиятына еңбек сіңірген тұлғалар мен кітап ісінің дамуына үлес қосып жүрген жандар жиналды.