«Пара бермеймін!»
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мен «ГрИн» Қостанай облысының Азаматтық Альянсы» қоғамдық қоры бірлесіп көлік жүргізушілер арасында «Сыбайлас жемқорлықты тоқтат!» атты акция өткізді. Аталған шара барысында қаланың техникалық қызмет көрсету орталықтарының біріне келген автокөліктерге «Пара бермеймін!» жазуы бар қағаздар жапсырылды.
– Біз бұл арқылы сыбайлас жемқорлыққа апаратын іс әрекеттерді болдырмау және жолдардағы құқықбұзушылықтарға жол бермеуді көздейміз. Осы мақсатта жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Акцияға арнайы мониторингтік топ мүшелері қатысты. Акция қатысушыларының көбі пара бергісі келмейтінін және келешекте де ондай қадамға бармайтынын айтып, сендірді. Міне, осындай жобалар арқылы жемқорлықтың алдын алуға болады, – дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Аида Бажирова.
2017 жылы департамент өткізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингке сәйкес, сотталған 55 адамның 20-сы немесе 36%-ы ішкі істер органдарының қызметкерлері болып шықты. Аида Бажирова айтқандай, тәртіп сақшылары тарапынан жол берілетін сыбайлас жемқорлық фактілерін азайту үшін мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Сурет департаменттің баспасөз қызметінен алынды