“Ш” – бір таңба, “Ч” мүлде жоқ
Латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің тіл ғалымдары әзірлеп, 9 қарашада Президенттің қарауына ұсынған соңғы нұсқасына қандай өзгерістер енгізілді? Онда қазақ тілінің дыбыстары толық қамтылды ма? Үкімет жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне қатысты қорытындысы қашан шығады? Бұл сұрақтарды ҚазАқпарат тілшісі Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешовке жолдаған. Агенттік әзірлеген материалын назарларыңызға ұсынамыз.9 қарашадағы кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әліпби жобасы ғалымдармен бірге толық зерделеніп, Үкімет жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысының қарауына енгізуді тапсырған болатын. Әліпби әлі де жетілетіндіктен, Ербол Тілешов соңғы нұсқаны жариялауға асықпау керегін айтады.
«Осы қазіргі нұсқа қазақ тілінің төл фонетикалық ерекшелігіне және әлемде қалыптасқан латын әліпбиін әзірлеудің қазіргі, заманауи тәжірибелеріне сүйенді. Яғни мұнда екі құбылыс тұрғанын байқаймыз. Біріншісі, әлбетте, тіліміздің төл табиғаты болса, екіншісі – латын әліпбиінің таңбалық жүйесі. Әліпби дегеніміздің өзі тілдің фонетикалық сипатын таңбалау деп түсінсек, онда осы ең маңызды екі мәселенің де өзара сабақтастырыла шешілгенін аңғарамыз. Бұл әліпби нұсқасының ғылыми негізділігін көрсетеді. Алдыңғы әліпбиге келсек, ол нұсқада акут диакритикасы ғана қолданылғанын білесіздер. Қазіргі нұсқада тілдің дыбыстық ерекшелігіне орай, тиісті диакритикалар, мысалы, жіңішке дауысты дыбыстарға умлаут, ызың, қатаң дауыссыз дыбысқа седиль тағы сол сияқты латын әліпбиін түзудің теориясы мен практикасына сәйкес диакритикалар қолданылды», – деп жауап берді Ербол Тілешов.
Оның айтуынша, нұсқада қазақ тілінің дыбыстары толық қамтылып, әрқайсысына жеке таңба берілген. Алдыңғы әліпби нұсқасындағы диграфтар, яғни бір дыбыс екі таңбамен берілмеген. Мысалы, ш дыбысы бір таңбамен берілген. Сонымен бірге бұл нұсқадан ч дыбысы алынып тасталған.
«Бұл нұсқаны дайындаушы негізгі ғалымдар Үкімет жанындағы Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы мүшелері болғанымен, оған еліміздегі көптеген ғалымдар, тіл мамандары қатысты. Осылай деуіміздің себебі, әліпби нұсқасы бірнеше рет республика бойынша ғалымдар, мұғалімдер, әдіскерлер және магистранттар, докторанттар қатысқан ашық талқылаудан, сынама сабақтардан және сараптамалық жұмыстардан өткізілді. Мұндай жұмыстарда жалпы әліпби және ондағы жеке таңбалар сараланды. Орфографиялық топ мүшелерінің құрамына келсек, онда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеттерінің және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының ғалымдары бар. Олардың жартысына жуығы қазақ тіл білімінің қара шаңырағы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы институтының ғалымдары. Әліпби, орфография, фонетика салаларының мамандары осы жұмыс тобының негізін құрайды», – деп атап өтті Ербол Тілешов.
Тіл маманы Мемлекет басшысына әліпби нұсқасы таныстырылғаннан кейін Тіл комитеті, «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы, Орфографиялық жұмыс тобы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған емле ережелерді тағы да мұқият сарапталып жатқанын айтады. Оған қоса, әліпби нұсқасын пернетақтаға орналастырудың да жобалары Техникалық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс тобымен бірлесіп атқарылуда. Ал Ұлттық комиссия Үкіметтің жұмыс регламентіне сәйкес өткізіледі.