Бағдаршамдар бағынудан қалды
Қостанайда әлі күнге дейін бағдаршамдардың қызмет көрсетуіне байланысты тендер ұйымдастырылмады. Ал кептелістерге тосқауыл қойып, көліктердің жүруін жеңілдететін үш көзді құралдардың жағдайы мәз емес. Жүргізушілердің айтуы бойынша, бағдаршамдар «өздерімен-өздері болып» тұрады. Бұның бәрі қозғалысты қиындатып, ыңғайсыз жағдайларға қалдырып, тіпті апаттық жағдайларға да әкеліп соқтырады.
Өткен жұма күні Дощанов пен Чехов көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы орын алды. Қатты соққыдан бір автокөлік аударылған. Тәртіп сақшыларының сөзіне сенсек, жүргізушілердің бірі қызыл түске қарамастан, жолдан өтіп кеткен. Бірақ оқиғаны өз көзімен көрген адамдардың айтуы бойынша, екі автокөлік те ереже бұзбай, бағдаршамның жасыл түсімен ғана қозғалған.
Шынымен де, қаладағы бағдаршамдар нашар жұмыс істей бастады. Бұл мәселені, әрине, әуелгі болып темір тұлпар тақымдағандар байқап, "бес бидайы күйеді".
«Қызыл түстің уақыты аяқталса да, ол жанып тұра береді. Бұндай жағдай жүргізушіні жаңылыстырып, апаттық жағдай туғызуы мүмкін», – дейді жүргізушілердің бірі.
Қалада осындай мәселе пайда болған қиылыстар көп. Әсіресе, жүргізушілерді бірнеше жыл бойы қызмет етіп келе жатқан кері қарай санағы бар бағдаршамдар қынжылтады. Көбісінің шамы жанып кетіп, цифрлар қызылды-жасылды түсініксіз таңбаларға айналып кетеді. Немесе сызықтар көрінбей қалып, жоспарланған санның орнына мүлдем басқа цифр пайда болады.
«Цифрлар да барлық жағдайларда дұрыс көрсете бермейді. Кейде 1 деп ойлап тұрсаң, ақырында ол 7 болып шығады»,- дейді тағы бір шопыр.
«Бағдаршамдардың шамдары жұмыс жасамай қалған жағдайларды жиі байқаймын. Кейбір жерлерде тіпті мүлдем басқа жаққа бағытталып тұр,-деп назын айтады кезекті бір жүргізуші.- Алтынсарин мен Лермонтов көшелерінің қиылысындағы бағдаршам жұмыс істемейді. Алтынсарин мен Гагарин көшелерінің қиылысында төрт бағдаршамның тек біреуі ғана іске жарап тұр».
Көптеген қиылыстарда бағдаршамдар мүлдем істемейді. Жүргізушілер жолдағы жүрісті реттейтін басты құралдарға бұндай сергек қарау жауапкершіліктің жоқтығы деп есептейді. Жол – ең қауіпті жерлердің бірі ғой. Бұның бәрі қозғалысты қиындатып, тек қана жүргізушілерге емес, жаяу жүргіншілер үшін де қолайсыз жағдай туғызады.
«Ескілерін жаңаға ауыстырса, бағдаршамдар жұмысы жақсарар еді. Күн сәулесі түсіп тұрғанда, бағдаршам қандай белгі беріп тұрғанын түсіну қиын болады»,-дейді өзге әріптестерін құптай жөнелген тағы бір көлік иесі.
Қалалық әкімдік те бұл түйткілді түсіндіруге даяр болмай шыққан. Бар белгілісі – бағдаршам жұмысы бойынша конкурстық шаралардың әлі жүргізілмегені.
Алмас Байдрахманов.
("Алау" ақпараттық порталы материалы бойынша.)