Пәтер мен автокөлік сыйға тартты
Бүгін Қостанайдағы «Мирас» мәдениет үйінде Тәуелсіз ел тарихындағы тұңғыш Паралимпиада чемпионы Александр Колядинге Қостанайдағы 3 бөлмелі пәтердің сертификаты, 1 млн теңге және жергілікті зауыттан шыққан Jac маркалы автокөліктің кілті тапсырылды. Бұған қоса оның алғашқы бапкері Николай Степин де сыйлықсыз қалмады. Оған 500 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің құттықтау сөзінде, жерлесіміздің жеңісі оңай келмегенін айтты.
«Шаңғыдан ҚР ұлттық құрамасының мүшесі Александр сонау 1997 жылы көлік апатына түсіп, спортқа қайта оралды. Бұл бір жағынан ерлікке татиды. Мұндай жағдайда көбі моральдық тұрғыдан алғанда әлсіз қалады. Бірақ, жерлесіміз күш-жігерінің арқасында бізге осындай құнды жеңісті сыйлады. Александр алдыңғы Паралимпиада да «алтын» алуы мүмкін еді. Алайда оған небәрі 10 секунд жетпей қалды. Ол биыл ақыры өз дегеніне жетті», – деді өңір басшысы.