«Құқық бұзу картасы» қылмысты әшкерелей ме?
Жыл басынан бері облыс бойынша 11 899 қылмыстық құқық бұзу фактілері тіркелген. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға кем. Көбіне заң бұзу оқиғаларының негізгі үлесі ұрлық, тонау, алаяқтық сияқты әрекеттерге тиесілі.
Облыста Қостанай, Рудный, Жітіқара қаласы және Қостанай ауданының қылмыс көрсеткіші ең жоғары болып есептеледі. Әсіресе, бұрын сотталғандар тарапынан жасалатын қылмыс өскен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір екінші құқық бұзу темір тордан босап шыққандардың үлесіне тиеді. Одан кейінгі орындарда мас күйінде, топтасып қылмысқа бару әрекеттері орналасқан.
-Отбасылық жанжалдардың салдарынан бес адам көз жұмса, 18-і ауыр жарақат алған. Мұндай оқиғалар көбіне-көп ішімдіктің салдарынан туындайды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға төмендеді. Дегенмен, облыс орталығы мен Лисаков қаласындағы ахуал жоғары,-деді құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің басқарма басшысы Евгений Порхоменко.
Жазалаудың негізгі құралы саналатын әкімшілік айыппұлдарды өндіру былтырғы деңгейде қалды. Мемлекеттік органдардың кәсіпкерлер жұмысына араласып, негізсіз тексерістеріне тосқауыл қою – құқықтық статистиканың назарында. Басқарманың ықпалымен заңсыз отыз тексерістің жолы кесілді.
-Тұтынушылар құқығын қорғау, төтенше жағдайлар, мемлекеттік кіріс департаменттері, мал дәрігерлік бақылау органдары, орман шаруашылығы және жер басқармасы тарапынан тексерістер жүргізіледі. Шағын және орта бизнес субъектілерін жоспарсыз тексерулердің саны да артып келеді. Бұл көрсеткіш 12 пайызға жоғарылаған.- дейді құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің бөлім басшысы Гүлмира Әлкебаева.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 32-ші қадамында көрсетілген тапсырманы орындау мақсатында «Қылмыстық құқық бұзу картасы» іске қосылды. Аталған ақпараттық жүйеде бір апта ішінде жасалған барлық заңбұзушылықтар тіркеледі. Бұл – ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді дейді сала мамандары.
Аталған жүйе қылмысты ашудың заманауи озық тәсіліне баланып отыр. Бүгінде карта негізінде облыстағы жол жүру ережесі мен қылмыстық заң бұзушылықтар көп болатын аумақтарды белгіленді. Енді жауапты өкілдер келесі жылдан бастап құқық бұзушылық картасын жасауға кіріспек.
Жалпы, қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу бойынша біздің облыс республикада 7-ші орында тұр.
Әлібек ЫБЫРАЙ