ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Жаңа оқу жылында Қарабалық кентінде 320 орындық жаңа білім ошағы оқушыларға есігін айқара ашты. Мұхамеджан Сералин атындағы мектеп қазақ тілінде оқытады. Бұл балалар,  педагогтар мен ата-аналар, жалпы ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш болғаны сөзсіз. Заманауи талаптарға жауап беретін мектептің құрылысына шамамен 1,6 млрд.теңге жұмсалған.  Бүгінде М.Сералин атындағы білім ошағында  180-нен астам оқушы оқиды. Оларға 30-ға жуық ұстаз сабақ береді.  Мектепте сапалы білім беру процесі үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалған. интерактивті жабдықтары бар кабинеттер, екі компьютерлік сынып, ыңғайлы шеберхана, кітапхана, толық жабдықталған асхана және спорт залы бар.Сонымен қатар, білім ошағының базасында мектепке дейінгі білім беру стандартына сәйкес 40 орындық шағын орталық ашылды.Аудан орталығындағы жаңа білім нысанының ашылу салтанатына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, мектеп ұжымы мен оқушыларды құттықтады. Өңір басшысының айтуынша,  облыс аумағындағы басқа да білім ошақтарын жаңғырту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту жалғаса бермек. Биыл ауыл мектептерінің автобус паркі 30 жаңа автобуспен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде Қарабалық ауданындағы  мектептерге 5 жаңа автобус беріледі.Бүгінгі таңда облыста  барлығы 455 мектеп болса, оларда  113 мыңға жуық оқушы білім алады. Соның  11 734-і үстіміздегі жылы бірінші сынып табалдырығын аттаған.– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» – деп, білім саласына ерекше көңіл бөлді.Ұлы жерлесіміз, биыл 150 жылдығы атап өтіліп жатқан педагог және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Халықты ағарту баладан, мектептен бастау алады» – деп, білімнің тірегі мектеп екенін айрықша атап өтке. Биыл Балалар жылында облысымызда сапалы білім беру ортасын құру үшін барлық қажетті шаралар қабылданып, заманауи мектептердің құрылысы жалғасын тапты. Қазіргі таңда Қостанайдағы  "Береке", "Қонай" шағын аудандарында 2 мектеп салынып жатыр. ал Қостанай ауданының Еңбек ауылында құны 1,2 млрд теңге болатын 100 орындық білім ошағы,  Қарабалық ауданының Гурьянов ауылында 1,3 млрд теңгеге 100 орындық тағы бір мектептің құрылыс басталмақ.  Жалпы, 2025 жылға дейін облыстың Қостанай, Арқалық, Рудный, Тобыл қалалары мен Әулиекөл, Жітіқара, Қарабалық, Қостанай аудандарында  9120 оқушыға арналған жаңа 14 қазақ  мектебі ашылады,-деді облыс басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓