ХАЛЫҚ ӘРТІСІНЕ ҚҰРМЕТ
Әнуарбек Боранбайұлы – Аманкелді ауданынан шыққан Қазақстанның Халық артистерінің бірі. Ол осыдан 70 жыл бұрын өмірге келген. Аманкелді орта мектебін бітірген. Мектеп қабырғасында жүріп, қазіргі М.Қапышев атындағы аудандық халық театрының жұмысына белсене араласқан. Бала кезінен сахналық қойылымдарда өзін танытқан.
Жастайынан қазақ сахна және кино өнерінің жарық жұлдыздарының бірі атанған ол 52 жасында өмірден өткен болатын. Жерлестері 2000 жылы Әнуардың есімін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында аудан орталығындағы мектепке марқұмның есімін берген еді.Әнуар – М.Әуезов атындағы театрда ұзақ жыл қызмет жасап, жүздеген рөлдерді сомдады. Ол 23 жасында алғаш рет Құдаш Мұқашевтың «Ілияс» драмасындағы классик ақын Ілияс Жансүгіровтің рөлін келістіре орындап, барша көрерменді тәнті етті. Қазақ театр өнерінің Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова секілді абыздары мен сыншылары жаңа дарынның келгенін қуанышпен мәлімдеген еді. Әнекең сондай-ақ қазақ кино өнерінде де өзінің жарқын ізін қалдырды.
Таяуда Аманкелді ауданының орталығында Әнуарбек Боранбайұлының 70 жылдық торқалы тойы басталды. Оған марқұмның зайыбы, Алматыдағы Шабыт университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ақбөпе Камалқызы Қармысова, артында қалған жалғыз тұяғы Әсел Әнуарбекқызы, құдасы Серікбай Ғазизұлы, інісі Таңат Боранбайұлы, биология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің доценті Ғалия Кадерқызы, Әселдің күйеуі Әмір Серікбайұлы арнайы келіп қатысты.
Алдымен аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Өлмейтін із қалдырған» атты көрме көрсетілді. Көрмеде өмірден ерте кеткен жарқын таланттың өмір жолы кеңінен көрініс тапты.
Мұнан соң Қ.Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.
Онда аудан әкімі Н.Қ.Өтегенов жиналған қауымды Әнуарбек Боранбайұлының 70 жылдық тойының басталуымен құттықтады.
Мұнан соң жұртшылыққа үлкен дарынның өмірін әр қырынан бейнелеген сюжет көрсетілді.
Келесі кезекте Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Аманкелді ауданының Құрметті Азаматы», дарынды композитор Қалибек Деріпсалдинге сөз кезегі берілді. Ол Әнуарбек Боранбайұлының азаматтық, адамгершілік қасиеттерімен қатар актерлық шеберліктері туралы жүрекжарды әңгіме шертіп, сөзінің соңында ағасының рухына арнаған "Ән – Әнуар» атты әнін орындады.Сөз кезегі зейнеткер, еңбек ардагері Ә.Боранбайұлының қияметтік досы Айтбай Шүкенұлына, актердың жары Ақбөпе Камалқызына, інісі Таңат Боранбайұлына берілді. Бұл кісілер де қазақ өнерінің аспанынан құйрықты жұлдыздай ерте ағып түскен Әнуар ағаның ұрпаққа үлгі боларлық адами тамаша қасиеттері мен өнерпаздық шеберліктері туралы әңгімелеп берді.
Еске алу кешінің соңы аудан мектеп оқушыларының «Әнуарбек – ұлы дала елінің мақтанышы» атты айтысына ұласты. Оған орта мектептердің 14 оқушысы қатысып, бақ сынады. Нәтижесінде бас жүлдені – А.Сейдағазина, 1-ші орынды – Ж.Мықыш, 2-ші орынды – Ж.Жылқыбайұлы, 3-ші орынды Ғ.Есетова еншіледі.
Осылайша, жарықтық Әнуар ағамыздың туғанына 70 жыл толуына арналған алғашқы іс-шара туған жерінде үлкен салтанатпен басталды.
Жалпы, қазақ өнері мен мәдениетінде, әдебиетінде бірнеше Әнуарбектер болған. Олар – Әнуарбек Байжанбаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Әнуарбек Әлімжанов, Әнуарбек Молдабеков және біздің ағамыз Әнуарбек Боранбаев! Халқымыз осылардың бәрін еркелетіп көбіне Әнуар деп атап кеткен. Сол Әнуарлардың әзірге кенжесі біздің Әнуар ағамыз еді. Оның сұлу жаратылысы мен азаматтық болмысы туралы кезінде Бағыбек Құндақбаев, Әшірбек Сығай секілді театр сыншылары келістіре жазған да болатын. Әнекең шын мәнінде де қазақ сахнасы мен кино өнері үшін жаралған, болмысы бекзат зор тұлға еді. Сондықтан да, оны өзі өмірге келген туған жерінің халқы сағынышпен еске алып, рухына тағзым етті. Оның 70 жылдық тойы алдағы уақытта жалғаса беретін болады.
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Журналистер ис шаранын ортасынан келип, макаланы сол жерден бастап жазатын болган ба? Аталган ис шара А.Боранбаев атындагы орта мектептен басталган. Уйымдастырушылар да сол мектеп ужымы еди гой