Маңызды нысандар билік назарында
Жұма күні Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Рудный қаласында болды. Алдымен ол қалаға кіреберістегі Соколов жинақтаушысының аумағына барып, «Рудный қаласындағы кәріздік тазарту құрылысынан Васильев буландырғышына дейін тазартылған суды биологиялық тасымалдау» нысанымен танысты.
Нысанды «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өткен жылдың қарашасында салып біту керек болатын. Алайда мамыр айында қала әкімінің орынбасары мен мердігер компания басшысының парамен ұсталуына байланысты тендер қайта жарияланып, оны қарағандылық «Стинк ТФК» ЖШС ұтып алды. Аймақ басшысы осы серіктестіктің бас директоры Асхат Көшербаевтың атқарған жұмыстар бойынша есебін тыңдап, нысанды жоспарда көрсетілгендей қараша айынан қалдырмай пайдалануға беру керектігін ескертті.
Стратегиялық маңызы зор нысанның құрылыс жобасы бүгінде тиісті органдардың зерттеуінен және бекітуінен өтіп жатыр. Жұмыстар сәуір айына дейін басталуы тиіс. Ұлттық қордан бөлінген қаражат көлемі 1,4 миллиард теңге. Құбырдың ұзындығы – 8,91 шақырым, оның жартысына жуығы жер астымен жүргізіледі. Суөткізгіш қуаты секундына 0,55 текше, ал жылына 17,5 млн текше метрді құрайды.
Архимед Бегенжанұлы атбасын тіреген келесі маңызды нысан цемент зауыты болды. Кәсіпорынның бас атқарушы директоры Артем Макласовтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының 98 пайызы аяқталған. Маусым айында темір жол салынып, шілдеде цементтің алғашқы партиясы шығарылмақ.
– Біз шикізатты Белогород мемлекеттік техникалық университетінің базасында сынамадан өткізіп, цементтің кемінде бес түрін шығаруға болатындығына көз жеткіздік. Олар – құрылыс нарығында зор сұранысқа ие сульфатқа төзімді 400 және 500 маркалары, – деді ол.
Осы тұста өңір басшысы құрылыс және кәсіпкерлік басқармаларының басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
– Бүгіннен бастап ірі құрылыс компанияларымен келісім-шарттар жасасу үшін оларға қажетті цемент көлемін анықтау керек. Алдымен облысты, кейін солтүстік және батыс өңірлерді, Астананы зауыт өнімімен қамтамасыз ететін боламыз. Өнеркәсіптік өнім көлемін арттыру үшін баға Ресейлік цементтерден қымбат болмау тиіс. Ал біз, өз тарапымыздан, қажетті қолдау көрсететін боламыз, – деді облыс әкімі.
Архимед Мұхамбетов сапары барысында «Желқуар» ЖШС салып жатқан медициналық орталықтың да құрылысымен танысып, Рудный индустриялық институтының материалдық-техникалық зертханаларын аралады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ