Шаруалардың мәселесі шешіледі
Соңғы кездері ауылшаруашылық кооперативтері туралы жиі айтылып жүр. Ортақ ұжымға біріккен шаруаларға қандай жеңілдіктер қарастырылған? Жалпы, кооперативтердің өзге ауылшаруашылық құрылымдарынан артықшылығы бар ма?
Бұл туралы Қазақстан фермерлерінің одағы төрағасы Әуезхан Дарынов пен «Атамекен» ҚР ҰКП АӨК және тағам өнеркәсібі комитеті хатшылығының басшысы Рүстем Құрманов қостанайлық кәсіпкерлермен пен өткен кездесуде айтып берді.
Көшпелі отырыс облыстық кәсіпкерлер Палатасының кеңсесінде өтті. Ал шалғайда тұратын шаруалар әңгімеге селекторлық байланыс арқылы араласты. Кәсіпкерлерді ауылшаруашылық кооперативтеріне енудің тиімділігі қызықтыратыны сөзсіз.
-Кооперативтер салықтың бес түрі бойынша 70%-дық жеңілдіктер алады, сонымен бірге субсидиялау бойынша да басымдыққа ие. Мәселен, олар бірінші кезекте дәл осы субсидияларға иек арта алады. Сонымен бірге, егер бұған дейін кооперативке тек заңды тұлғалар ғана біріксе, енді шаруа қожалықтары да, қосалқы шаруашылықтар да ене алады. Мұнда демократия қағидасы жүмыс істейді, кооперативтің әрбір мүшесінің пікірі есепке алынады, ал шешімді көпшілік шығарады, – деді Рүстем Құрманов.
Бірігуден келер пайда көп екенін фермерлердің өздері де айтып отыр. Алайда, осы жерде жеке бастың мүддесі аяққа тапталмай ма деген сауал туындайды. Әулиекөл ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Әбу Гучигов:
-Мен шаруа қожалығының жетекшісімін. Ертең мен жерімді кооперативке берсем, кейін мұның бәрінен айрылып, тек кооператив мүшесі ретінде жалақы алып қана отырамын ба? Олай болса мен үшін зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды кім жасайды?», – деген орынды сұрақ қойды
Бұл ретте Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері де бұған мардымды жауап бере алмады. Себебі, егер кооператив бірыңғай жер салығын төлейтін болса, онда ол автоматты түрде салық агентіне айналады да қай кірістен аударым аудару қажет екені түсініксіз болып қалады. Рүстем Құрманов бұған қатысты жер пайдалану құқығын Ауылшаруашылық кооперативтері қатысушыларының өздері айналып өтуі керек деген ұсыныс тастады, ал облыстық кәсіпкерлер Палатасы филиалының директоры Мұрат Әбенов заңға мүлікті меншіктен шығармай-ақ кооперативке кіру мүмкіндігін қарастыратын өзгерістер енгізу дұрыс деп есептейді.
Кездесуде гербицидтер сатып алуды жеңілдікпен субсидиялау туралы да айтылды. Мәселе кооператив қатысушыларының осы нормаға сеніп артып отырғанында, алайда ережелердің қазіргі жобасында жеңілдетілген субсидияны тек тауар өндірушілер ғана жекелеген тәртіп бойынша ала алады делінген. Палатадағылар ережеде көрсетілген жобалар қолдау тапса, онда тиісті өзгерістер енгізіледі деп мәлімдеді.
Аудандарда тұратын кәсіпкерлер ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді сатып алу процедурасы, ауылшаруашылық техникаларын сатып алу кезіндегі субсидиялар, Ауылшаруашылық министрлігінің көктемгі егіс науқаны кезінде тары дақылын қолдану міндеттемесі бар улы химикаттар мен тыңайтқаштарды субсидиялауды тоқтатуға қатысты сұрақтар қойды. Мұның бірде бірі жауапсыз қалған жоқ. Олардың ішіндегі өзекті дегендері келесі аптада ҰКП алаңында тікелей Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің қатысуымен талқыланатын болады.
-Біз өңірлерге баяндама жасау үшін ғана емес, сіздердің проблемаларыңызды анықтау үшін барамыз. Бұл тұста бізге Ұлттық палата мен Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдау көрсетті. Сондықтан осында айтылған мәселелердің бәріне хаттама жасалып, оларды шешу үшін салалық инстанцияларға жеткізетін болады, – деді Қазақстан фермерлер одағының төрағасы, «Атамекен» Палатасының Төралқа мүшесі Әуезхан Дарынов.
Әлібек ЫБЫРАЙ