Нәтиже бар, міндет те көп
Облыста тіл саясатын іске асыру қалыпты деңгейде. Аймақ тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынта-ықыластары артып келеді. Оқыту орталықтарының материалдық базасы да заманға сай жабдықталған. Мұны облыс әкімі орынбасары М.Жүндібаевтің қатысуымен өткен алқа мәжілісінде тілдерді дамыту басқармасының басшысы Г.Меңдекенова мәлімдеді.
Өткен жылы өңірде тіл үйрету бағытында аз жұмыс атқарылмаған. Оқыту курстарына жазылған тыңдаушылар санының артқаны белгілі болып отыр. Әсіресе, аудандар мен қалалардағы белсенділік ерекше. Мемлекеттік тілден бөлек, өзге тілдерді меңгеруге ынталы тұрғындар көбейген.
-Былтыр облыста тіл саясатын іске асыруға 212 млн теңге бөлінді. Аймақтағы 19 тілдерді оқыту орталығында жалпы саны 11 мың адам тәлім алды. 1400 тұрғын ағылшын тілін оқып шыққан. Білімдерін тексеру үшін «Қазтест» жүйесі бойынша 11 мыңнан астам тыңдаушы сынақ тапсырған. Бізге берілген есеп бойынша, осы жолы ең жоғарғы көрсеткішпен Федоров, Денисов аудандары алдыңғы қатардан көрінді, – деді басқарма басшысы Г.Меңдекенова.
Екінші мәселе – облыстағы ономастика жайы. Былтыр барлығы қоғам тарапынан атауларды өзгерту туралы 85 ұсыныс келіп түскен. Оның барлығы бірдей мақұлданбағанымен, бұл бағытта да биыл әлдеқайда ілгерілеру болғаны жасырын емес. Дей тұрғанмен, осы салада заң нормаларын бұзу фактілері тіркелген. Айталық, облыс орталығындағы Тәуелсіздік көшесінің кейбір жерлерінде "Таран" деп жазылған тақталар әлі ілінулі тұр. Оның сыртында, Таран, Меңдіқара, Әулиекөл, Қарасу, Ұзынкөл, Алтынсарин аудандарындағы кейбір мемлекеттік мекемелер маңдайшасындағы мәтіндерде қателік ұшырасады.
-Бұл – бақылаудың жоқтығы. Бір күн ғана емес, бір жыл бойы көзге түсіп жүрген осы ақауды түзетуге не кедергі екенін түсінбеймін, – деп сын айтты облыс әкімінің орынбасары. – Оның сыртында, жекелеген аудан-қалалардың тілдерді оқыту барысындағы немқұрайдылығын байқап отырмын. Лисаков қаласында 114 адамнан небәрі 17-ақ адам сертификатталған. Меңдіқара ауданында 73 тыңдаушының 20-сы, Әулиекөлде 63 адамның 33-нің ғана қолында оқығанын айғақтайтын құжат бар. Біз оларға ақшаны не үшін бөліп жатырмыз? Алдағы уақытта осы мәселені шешіңіздер!
Мұнан соң бірнеше тұлғаның латындандыру саясатын, әлеуметтік жобаларды іске асыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесі туралы баяндамалары тыңдалды.