Өнерге әркімнің-ақ бар таласы…
Рудный қаласындағы «Алые паруса» ойын-сауық орталығында V қалалық «Аққу-қыз, қыран-жігіт» атты өнерлі жұптар сайысы өтті. Оған кеншілер шаһарындағы мектеп-колледждердің үмітін арқалаған 4 жұп қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Биылғы конкурс алдыңғыларына қарағанда өзгешерек. Өйткені әр жұп қазақ, қырғыз, неміс және өзбек ұлттарының мәдениеті мен әдіп-ғұрпын таныстыру керек. Алғашқы таныстыру кезеңінде бозбала мен бойжеткендер өздерін қара сөзбен, сырлы әуенмен таныстырды. Сайыстың екінші кезеңінде жарасымды жұптардың білімі мен алғырлығы сыналды. Одан кейін жастар өздеріне берілген ұлттың бір салт-дәстүрін көрсету шарт. Бұл кезеңде №19 мектептің оқушылары Темірлан Мұсағалиев пен Айнұр Қаланбекова қазақтың құда түсу салтындағы «шегелеу» рәсімін көрсетті. Болашақ келінге сырға салып, құда-құдағиларға қамзол-шапан үлестістіріп, көрініс көрсеткен мектеп ұжымы қойылымын әсем әуенмен аяқтап, көрермендердің ыстық қошеметіне бөленді.
«Ас адамның арқауы» дегендей, төртінші кезеңде бойжеткендер әр ұлттың тағамдарын қазылар алқасына ұсынып, оны дайындау барысы туралы әңгімеледі. Сайыстың бұл ерекшелігі халық тарапынан зор қызығушылық танытқаны сөзсіз.
– Бұл сайыстың ең негізгі мақсаты – ұлтаралық татулық және дәстүрлерді таныстыру, тілдерді дамыту және өз ойларын анық жеткізе білетін жастарды ынталандыру. Осылардың барлығы сайыс шарттарында көрініс тапқан, – дейді «Алые паруса» халық шығармашылығы орталығының жетекшісі Әсел Тасмағамбет.
Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасы бірауыздан №19 мектептің намысын қорғаған Темірлан Мұсағалиев пен Айнұр Қаланбекованы «Аққу қыз, қыран жігіт» байқауының бас жүлдесіне лайық деп таныды. Екінші орынды «неміс» халқын таныстырған №5 мектеп-гимназиясы, ал үшінші орынды «өзбекше» өнер көрсеткен Құрылыс және көлік колледжі иеленді. Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған байқаудың барлық қатысушылары мақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ