Жаңа зертхана – жетістік көзі
Бүгінде басқа салалар сияқты құрылыс материалдарын шығару саласында да жаңа ізденіс пен технологиялардың арқасында кез келген ғимараттарды жылдам, жайлы, әрі қауіпсіз етіп салуға мүмкіндік туды. Сондықтан өзгермелі заман талабына сай отандық мамандарды даярлау жоғары оқу орындарының алдында тұрған маңызды міндетке айналды…
Осы орайда Рудный индустриялық институтында келелі істер қолға алына бастады. Атап айтсақ, жуырда білім ордасында құрылыс материалдарын шығарудың әлемдік нарығында өзіндік қолтаңбасы бар «KNAUF» өнеркәсіптік тобының зертханасы ашылды. Салтанатты шараға «KNAUF Гипс Капшағай» ЖШС Оқыту орталығының жетекшісі Олег Сотников, қалалық білім бөлімінің басшысы Қайсар Қанешов, «ССКӨБ» АҚ, «Рудныйсоколовқұрылыс» АҚ өкілдері, Рудный мен Қостанайлық колледждердің директорлары қатысты. Зертхананы таныстыру барысында Астанадан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, игі бастаманың іске асуына мұрындық болған Альберт Рау тікелей байланысқа шығып, институт ұжымын құттықтады. Жаңа зертхана аймақтың құрылыс материалдарын өндіру саласына жаңа мүмкіндіктер сыйлайтынын тілге тиек етті.
Рудный индустриялық институтының проректоры Лариса Божконың айтуынша, өзара ынтымақтастық аясында оқытушы-мамандар «KNAUF» компаниясында тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін шыңдағап келген.
– Жарқын жобаны жүзеге асыру үшін студенттердің оқу және жұмыс жоспарларына өзгерістер енгізіп, арнайы кәсіби даярлықты арттыру курстарын аштық. Ал, серіктесіміз, өз кезегінде, бізді қажетті әдебиеттермен, көрнекі құралдармен қамтамасыз етіп, зертхананы бастан-аяқ жабдықтады. Сонымен қатар бір топ студент «Құрғақ құрылыс» бағыты бойынша үш күндік оқытудан өтіп, жаңа технологияларды меңгерді. Халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болды. Сол себепті жаңа зертхана – жетістік көзіне айналып, ынтымақтастығымыз нығая түсетініне сенімдіміз, – дейді ол.
Айта кетейік, қазіргі таңда рудныйлық институт «KNAUF» өнеркәсіптік тобының қолдауына ие болған еліміз бойынша екінші жоғары оқу орны. Бұл дегеніміз «құрылыс материалдарын өндіру» мамандығын таңдаған студенттер болашақта сапалы, заманға сай білім алып қана қоймай, халықаралық еңбек нарығында зор сұранысқа ие болады деген сөз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ