БАҚ бағыты айқын
Елбасының халыққа жолдауы, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы, Астана қаласының 20 жылдығы және цифрландыру саясатын іске асыру осы жылдың негізгі ақпараттық тренді болып отыр. Осы аясы кең тақырыптарды ақпараттық сүйемелдеуді ұйымдастыруға ерекше ден қойылуы керек. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаевтің төрағалығымен өткен БАҚ мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында талқыланды.
Жиын барысында ақпараттық кеңістікті дамыту, мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру, мемлекеттік органдар мен БАҚ-қа арналған ұсыныстар мен ұсынымдарды пысықтау мәселесі сөз болды. Аталған мәселелер бойынша, бірнеше баяндама жасалды. Алғашқы болып сөз алған ішкі саясат басқармасының басшысы Бибігүл Аққожина ақпараттық жұмыстың облыстық бірыңғай медиажоспарын ұсынды.
– Мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың негізгі өзегі – сапалы медиажоспарлау. Осыған байланысты, Қазақстанда бірыңғай медиажоспар форматындағы жұмыс тәжірибесі енгізілді. Ақпанда "Ел жүрегі – Астана" республикалық бірыңғай медиажоспардың таныстырылымы өткен болатын. Осы құжаттың негізінде ішкі саясат басқармасында 7 базалық бағыты бар облыстық медиажоспар әзірленді. Олардың негізгілері –ҚР президентінің халыққа Жолдауы, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы және Астананың 20 жылдығы, сондай-ақ цифрландыру саясаты, – деп атап өтті Б.Аққожина.
Басқарма басшысы мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар туралы, олардың аудандар мен қалаларда жүзеге асу барысы жайында мәлімет бере кетті.
Ал "Қостанай таңы" газетінің директор-бас редакторы Жанұзақ Аязбеков мемлекеттік саясатты ілгерілетуге және әлеуметтік оптимизмді нығайтуға бағытталған баспасөздің жобалары туралы баяндады.
– Тәуелсіздік алғалы еліміздің дамуын, Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатын насихаттап, халыққа жеткізу – «Қостанай таңының» басты міндеті. Әлеуметтік оптимизмді нығайтудың басты факторы – Елбасының сөзі. Әсіресе «Рухани жаңғыру» мақаласы қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Осы орайда түзілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да ауқымды қолға алынғанын айта кеткен абзал. Республикалық маңызға ие болған жобалар, облыс көлеміндегі «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мәселелердің жүзеге асырылуы газетте барынша қамтылды. Мұның сыртында, мемлекеттік тіл саясаты, ана тіліміздің мәртебесін көтеру, латын графикасына көшу, рухани құндылығымызды арттыруға қатысты редакция қызметкерлерінің күшімен арнайы алқалы жиындар ұйымдастырылды, – деп бастады Ж.Аязбеков. – Бұл орайда оқырманның көңілінен шыққан бірқатар тұрақты жобалар, атап айтқанада «Қазақстан 2050», «Аймақ», «Инвестиция иірімдері», «Билік және халық», «Жұмыспен қамту 2020», «Индустриалды Қазақстан» сияқты атауы танымал, бірақ мазмұны жаңа айдарлар лайықты қызмет көрсетуде.
Ол мұндай жұмыстар газеттің ресми сайтында да жүріп жатқанын, жалпылай алғанда басылым беттері жаңаша айдарлармен толыққанын айта өтті. Кейбір салмақты сұхбаттар мен сүйекті мақалалардың мазмұнына тоқталды. Бір сөзбен, облыстағы қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – "Қостанай таңы" газеті елдің дамуына ақпараттық сүйемел жасаудан жаңылып көрген емес. Мұны облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаев та расқа балап, аудан-қала баспасөздеріне үлгі болып отырғандығын айтты.
-Бүгін Ж.Аязбекұлы баршамызға "Қостанай таңы" газеті қолға алған жаңа жобалар туралы мәлімет беріп өтті. Жалпы, тың идеялар енгізу бойынша БАҚ бастамалары оқырмандар аудиториясын ұлғайтуға мүмкіндік береді, редакцияларға деген халық сенімін арттырады деп санаймын. Сондықтан аудандар мен қала әкімдеріне "Қостанай таңы" газетінің жұмыс істеу тәжірибесін үйреніп, жергілікті БАҚ-та қолдануды ұсынамын, – деді М.Жүндібаев. – Бүгіндері БАҚ саласына жаңа форматтар енгізіліп, цифрландырылып жатқандығы, сайттардың жұмысы жетіліп келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті осы үрдіске өңірлерде ден қойылуы керек. Ал жақсы жобалар міндетті түрде біздің тарапымыздан қолдау табады.
Мұнан соң Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары М.Сәндібеков "Рухани жаңғыру" бағдарламасының іске асырылуын ақпараттық сүйемелдеуді ұйымдастыру туралы, Лисаков қаласы әкімінің орынбасары Г.Жарылқасымова Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу шараларының жергілікті БАҚ-та көрініс табуын жоспарлау жайында ақпарат берді.