Қазақтың қайсар қыздары

Қазақ қыздары – ежелден қайсар. Мұндай деректер тарихта бірнеше рет кездеседі. Сонау Томирис ханшайымнан бастап, Әлия мен Мәншүктей батыр қыздар ұлт мақтанышы. Сол қайсар қыздардың сарқыншағы бүгінгі күні де бар. Олар ел тыныштығын сақтап, шекара шебінде жұрт тыныштығын күзетіп жүр.
Мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі «Солтүстік» өңірлік басқармасының нәзік жанды қызметкерлері жайында жазуды жөн көрдік.IMG_1177Олар – отбасы ұйытқысы әрі Тәуелсіз елдің қорғаны. Түзде әскери тәртіппен, қару асынып ел алдындағы адал қызметін қалтқысыз орындаса, үйде ардақты ана, аяулы жар.
Басқармада жұмыс істейтін Лилия Жексембаева, Көгершін Шүкібаева, Гүлзира Ертісбаева, Ирина Лыскованың күйеулері де әскери адамдар. Олар да шекарашы. Қызмет бабымен Қазақстанның әр жерінде жұмыс істеп, бүгіндері құтты Қостанайда қоныстанған.
-Мен Талдықорған облысындағы Кербұлақ ауданының тумасымын. Шекара қызметінде 2000 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жолдасым да әскери адам, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Әйел болғасын үй шаруасына да үлгеру керек, ондай кезде ұлдарым да көмектеседі. Екі ұлым бар, екеуі де ер жетіп қалды. Ең бастысы, біздің жұмысымызға, көшіп-қонып жүрген тұрмысымызға түсіністікпен қарайды. Негізгі мақсатым – Қазақстан Республикасына адал қызмет ету,- дейді Лилия.
Ал Көгершін Шүкібаев шекара қызметінде 20 жыл тер төккен. Қазір осындағы 2039 «А» әскери бөлімде есепші болып жұмыс істейді. Ол да екі баланың анасы.
-Шығыс Қазақстанда және Оңтүстік Қазақстанда шекарашы болдым, қазір Қостанайда жүрген жайым бар. Таңдаған мамандығымның мен үшін берері мол болды, көп нәрсеге үйретті. Үнемі сақ жүресің, бүгін қайда, ертең қайда барарыңды білмейсің. Соған қарамастан, ел алдындағы қызметтен қашпадық. Бәріне үлгердік,-дейді ол.
Қызмет қанша қатал болғанымен, әйел заты бәрібір нәзіктікі аңсап тұрады. Дана халқымыз «әйел бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербейді» дейді. Біздің кейіпкерлер осынау сөздің мән-мағынасын ашып тұрғандай. «Әр алыптың артында  ана тұрады» десе, әр мықты мемлекет дәл осындай батыр әйелдерден тұрады дер едім.
Мәселен, Ирина қыз 1996 жылы күйеуімен бірге Алматыдан Мақаншы шекарасына аттанған. Содан бері ел алдындағы міндетін мінсіз орындап, сол үшін де талай медальді төсіне таққан. Қазір Қостанай қаласында тұрады.
-Мен де екі баланың анасымын. Бәрін қатар алып жүру қиынға соғады, бірақ жігер беретін жайттар көп. Саған қалың ел сенім артып тұрғанда бір сәтке де қалғуға болмайтынын түсінесің, сонда күшің арта түседі,-дейді Ирина Лыскова.
Бұл сөзді Гүлзира Ертісбаева да қуаттай түсті. Қызылорда облысының тумасы Қостанайға 2012 жылы келген. Бұған дейін еліміздің Өзбекстан мен Қырғызстан арасында түйіскен жерлерін күзеткен.
-Еліңнің сеніп тапсырған міндетін мінсіз орындау – үлкен бақыт. Отан алдындағы борыш жынысқа, жасқа бөлінбеу керек. Отанды қорғау – барлығының парызы,-дейді қайсар қыз.
Дәл осындай азаматшалар өскелең ұрпаққа үлгі. Қазақтың қыздары осындай кісілерге қарап бой түзейді. Кейіпкерлеріміздің бәрі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған. Біз де батыр қыздарды алдағы халықаралық 8 наурыз әйелдер мейрамымен құттықтаймыз. Отан үшін еткен еңбектеріңіз еселене берсін демекпіз.
 
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.  

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓