Заңды сабақтастық

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған отыз жыл ішінде бірнеше мәрте рухани жаңғыру үдерісі болды. Әсіресе, 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ел аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. Ал 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жүйелі түрде жиналып, зерттелді.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы тұтас мемлекеттік бағдарламаға ұласып, бес жылға аяқ басқан мерзімде толайым науқандарды қолға алғанына куә болдық. Өзіміз мекен етіп отырған Тобыл-Торғай аймағы осы жағынан өте ауқымды шараларды ұйымдастырып келеміз. Республикалық және жергілікті мәдени нысандардың тізімі, тарихи ескерткіштердің бой көтеруі, тарих сахнасындағы ұлы тұлғалар есімінің жаңғыртылуы қатарлы толымды істер атқарылды.
Енді міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев он бөлімнен тұратын Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Соның ішінде «Ұлттық Рухани Жаңғыру» ұлттық жобасының маңызы ерекше болмақ. «Ұлттық Рухани Жаңғыру» – «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы. Яғни, мемлекетке те, қоғамға да ұлттық тұрғыда жаңғыру қажеттілігі өте жоғары екенін айрықша айта аламын. Ендігі жерде жоба тұжырымдамасы бойынша шара-науқандарымызды жалғастыра бермекпіз.
Ерлан ҚАЛМАҚОВ,
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓