РЕСЕЙ БАРДЫҚ, НЕ КӨРДІК?
немесе орыс ақшасының құнсыздануының салдары қандай?
Көршінің көлігі арзан

Осы сәттен бастап, Ресейде сауда жасаушылардың қатары қалыңдай түсті. Әсіресе, Кедендік Одақ аясындағы елдерден ағылғандар қатары қалың болыпты. Ресейліктердің есебі-не жүгінер болсақ, беларусстықтарға қарағанда, қазақстандықтар көрші елге жиі келгіштеп кеткен. Ішкі сауда-саттығын рубльге байлап қойған елге келгендер алтын, киім-кешек, электр құралдары, техника тіпті, азық-түлігіне дейін тасыған. Әсіресе, көрші елдің көлігіне сұраныс артыпты.
12 пайыздық қосымша құн салығын өтеп, кедендік тазарту мен экологиялық талаптарды сақтаймыз деп, жапонның ортаңқолды көлігіне қол жеткізе алмаған қазақтар Ресейдегі кез-келген көлікті тегін бергендей таратып әкетуде. Жасырып қайтеміз, өзіміз де көп дүрмекке еріп, көршіміздің қаңсығын – таңсық қылып қайтқан едік. Расымен де, Қазақстанда жүрген көліктерге қарағанда, Ресейдегі темір тұлпарлар тың көрінді. Біздегі көліктердің орта жасы 20 жыл болса, ол жақтағы қозғалыс құралдары 5-7 жыл шамасында. Бағаларына тоқталар болсақ, біздің жігіттердің біразының қолы жетпес арманына айналған "Тойота Камри 40" маркалы көлігінің 2008-ші жылғысы Ресей жерінде 550 мың рубльден бастап саудаға салынады. Көрші елде 8300 АҚШ долларына бағаланған көліктің осы түрінің Қазақстанда 16-18 мың АҚШ долларынан саудаға салынып жатқанын айта кеткен жөн. Басқасын қайдам, бағадағы екі есе айырмашылықты көлік саудасының көрігін қыздырғандар ұтымды пайдаланып жатқан көрінеді.
Көлік саудасын кәсіп қылған Вадим Яруштың Түмен қаласында екі автотұрағы бар. Айналдырған екі айдың ішінде кәсіп иесі сексеннен астам көлік сатып, өзіндік рекордын орнатыпты. Оның айтуына қарағанда, саудаға салынған темір тұлпардардың 60-тан астамы қазақстандықтарға бұйырған.
"Қазақтарды қонақжай, жомарт деуші еді, сол қасиеттерін өз көзімізбен көре алдық. Олай дейтініміз, бізге келіп, сауда жасаған қазақтар көп саудаласпайды екен. Сұраған ақымызды беріп, көліктерді қос-қосынан әкетіп жатыр. Көрші орналасқан Қостанай мен Петропавл, Астанадан әкетіп жатқандар көп. Екі айдың ішінде сауда алаңдарында тұрған темір тұлпарлардың барлығын да түгелімен сатып жібердім. Шынымды айтсам, бұрын-соңды мұншама көлік сатқан емеспін" – дейді ол.
Күні бойы Түмендегі барлық автотұрақтарды аралап шықтық. Вадим Яруш айтқандай, кеденнің ашылуын күткен қазақтар арттарынан дым қалдырмапты. Сауда алаңдарының барлығы да қаңырап бос тұр. Тек, бірлі жарымында ғана саудасының сәті түспеген ортаң қолдылары мен бағасы тым қымбаттары, қытайдың, кәрістің ешкім ала бермейтін көліктері қалыпты.

Қымбатшылықтың ресейлік автосалондарды да айналып өтпегенін айта кеткен жөн. Мұндағы көліктерге де қазақстандықтар қырғидай тиіп, талап әкетіпті. Түмен қаласындағы Тойота орталығының сауда менеджері Алексей Ефремовтың айтуына қарағанда, соңғы екі айда мұндағы сауда 147 пайызға дейін өскен. Инфляцияның салдарынан, қолдағы қаржысы күйіп кетеді деп қауіптенгендер бар ақшасын жылжымайтын мүлікке салғанды жөн көріпті. Осылайша, күші жеткендер пәтер алса, шамасы келмегендер – су жаңа көліктермен шектеліпті. "Соңғы екі айда Тойота орталығы тұтынушыларының денін қазақстандықтар құрап отыр. Сіздің отандастарыңыз "Тойота Камри 55" маркалы көліктерін жақсы алуда. Бізде олардың бағасы 1,2 млн. рубльден басталады. Өкінішке орай, қолдағы көліктердің барлығы да сатылып кетті. Санкт-Петербург-тегі зауытқа қосымша тапсырыс берілді. Келесі партияның бағасы әзірге белгісіз. Менің пайымдауымша, баға 200-300 мың рубльге көтерілуі тиіс" – деді, сауда менеджері.
Сұраныс бар жерде – ұсыныс болады демекші, көлік саудасы қызғандықтан болар, Түменде көлік рәсімдейтін орындар жаңбырдан соңғы жауқазындай кө-бейіпті. Мемлекеттік авто инспекциясында, автокөлік сауда алаңдарында, тұрақтарда келі-сім-шарт жасап, ақша тауып жүргендер жеткілікті. Тіпті, сауда орындары мен газет дүңгір-шектерінде отырғандар да сіздің саудаңызды заңдастыруға әзір. Көлік әкелемін деп, көрші елге жәутеңдегендерге айтарым – мұнай келісім-шарт жасаушыларға жоламағандарыңыз абзал! Бір жапырақ қағазға сіздің аты-жөніңіз бен көліктің маркасын жазып бергендер өздерінің қызметін 500 рубльге бағалайды. Не мөрі, не қолтаңбасы, я болмаса заңды реквизиттері жоқ құжатты мемлекеттік органдардың қабылдамайтынын естен шығармаңыз. Осы қағаздың күшіне сеніп, көлікке деген қаржысын кім көрінгенге ұстатып жатқандар да жеткілікті екен. Арам пиғылдылардың арбауына ілікпес үшін, 2000 рубліңізді сарп етіп, автокөлік сауда алаңдарындағы арнайы рәсімдеу орындарына барғаныңыз дұ-рыс. Олар сізге саудаңыздың заңды екенін растайтын келісім-шарт, оны жасаған мекеменің мемлекеттік органдарда тіркелген куәлігінің көшірмесін ұсынуы тиіс. Сонымен қатар, саудаға салынған көліктің паспортына сіздің аты-жөніңізді жазып, темір тұлпардың бұдан былайғы иесі өзіңіз екенін растайтын мөрін басады. Осыдан кейін, бір буда құжатты құшақтап, жергілікті полиция бөлім-шесіне аттануыңызға болады.
Құны кетсе де, қадірі қашпаған…

Осы құбылыстың алдын-алуға талпынған Еуроодақ доллардан бас тартудың амалына жүгініп, Еуроны айналымға шығарды. Қаржы күшіне мінгенімен, АҚШ долларынан алшақтай алмай жүргені жаһанға мәлім. Дамушы елден дамыған елге аяқ басқан елдер де ақырындап, ортақ қаржыдан бас тартып, өз ақшасын күшейтуге кірісті. Долларсыздандыру мәселесін Ресей де мықтап қолға алған еді. Аталған ел шетелдік валютадан бас тартып, рубльді күшейтуді заңмен қадағалады. Сауда-саттықтың барлығы да төл қаржымен есептеліп, ұлттық қаржының беделін арттыру жұмыстары қолға алынды. Ең бастысы халыққа сенім ұялатты.
Қаржы дағдарысы мен экономикалық санкция қос бүйірден қысса да, көрші ел өз ұстанымынан тайған жоқ. Төл қаржысы төмен сырғыған мезетте оны тұрақтандыруды қолға алды. Бағаны тұрақтандырып, оны өсірмек болғандардың басына әңгір-таяқ ойнатты. Ел арасында дүрмек салып, сауда-саттықты долларға ауыстырмақ бол-ғандардың ентігін басты. Жер-гілікті халықты рубльдің көтерілеріне сендірді. Нәтижесінде, баға да, басқасы да тұрақтанды.
Ресей қаржысының құны кетіп, тауарының арзандағаны – іргелес елдердің тұрғындарына жақсы болды. Беларустықтарды қайдам, қазақстандықтар кеден ашылып, бір жарып қал-ды. Бастапқыда, көрші елге долларды құшақтап барғандар – дымсыз қайтқан болатын. Мәнісін сұрасаңыз, Ресейде шетел валютасын рубльге ауыстыруға шектеу қойылған. Жазылмаған заңға сай, әрбір азамат 200-1000 АҚШ долларын ғана айырбастай алады. Ал, шетелдік болсаңыз, төлқұжатыңыз қалтаңызда болсын. Әйтпесе, ақшасыз қаласыз. Осы шектеуді оңтайлы пайдаланған алып-сатарлар сіздің ақшаңызды айырбастап беруге әзір. Тек, қара нарықтағы бір АҚШ долларының бағасы 55 рубль. Мұндайда, ұтарыңыз шамалы.

"Рубльге байланысты әлемде ауыс-түйіс болып жатыр деп естиміз. Бірақ та, қарапайым халық оған ерекше мән беріп жатқан жоқ. Қаржы дағдарысына қатысты жергілікті билік өкілдері барынша жұмыс істеп жатқаны байқалады. Жағдай қиын деп теледидардан қанша қақсап жатқанымен, қарапайым халық оның қиыншылығын сезініп отырған жоқ. Біздер үшін доллардың түскені де, қымбаттағаны да бәрібір. Себебі, біз-дерде сауда тек төл ақшамызбен жүргізіледі. Ал, бағаны тұ-рақты ұстау – жергілікті биліктің басты міндеті саналады" – дейді, бізбен ой бөліскен қала тұрғыны Сергей Матвиенко.
Жергілікті тұрғынмен жүріп жатқан әңгімемізге сырттай құлақ түріп отырған орыс әжей де араласып кетті. Өзін Зинаида Павловна деп таныстырған кісі – Зейнетақымызды шамалы болса да өсірді. Нарықтағы баға тұрақты. Сауда-саттықты тек қана өз ақшамызбен жүргізіп отырамыз. Басқа валютаны ұстаудың қажеті шамалы. Рубль түбі бір тұрақтанады. Оған біз кәміл сенеміз – деген ойын білдірді.

…Басты кейіпкеріміз Қанат та сол күні қалаған көлігін тапты. 2009 жылы шығарылған сүлік-тей қара "Тойота Камри 40" кө-лігін 9000 АҚШ долларына саудалап алды. Бұл көліктердің бағасының біздерде 16-17 000 АҚШ доллары екенін жоғарыда айтқан едік. Саудасының сәті түскен Қанат – Қостанайға заулады. Түменнен шыға берістегі Полиция қосынына тоқтап, құ-жаттарын көрсетуге ішке еніп кетті. Транзиттік нөмірді көрген жол полицияысының бірі қасыма келіп, көлікті қайдан және қаншаға алғанымызды сұрастыра бастады. Темір тұлпардың жылы мен маркасын, бағасын айтып бердім. Әңгімеме қаныққан тәртіп сақшысы "Көлік-теріңді өте қымбатқа алған екенсіздер, бізде бұлар 7500-8000 АҚШ долларынан сатылатын" – деді. Ал, біздер болсақ, тоғыз мың доллардың өзін тегін бергендей көріп отырмыз. Біздегі бағаның түрі мынау.
Түйін сөз

Әзірге, көршілердің тарапынан ондай қадам жасалған жоқ. Ресейден көлік пен ет, құрылыс материалдары көптеп тасылып жатыр.
Салдарынан, отандық өндірушілер өз тауарларын өткізе алмауда. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында, ҚР Үкіметінде арнайы жұмысшы тобы құрылды. Билік өкілдері көршілер елдегі әріптестерімен, Ресейдегі экономикалық жағдайдың қазақ еліне жайдырмау мәселесін талқыламақ ниетте.

Еуразиялық экономикалық комиссияның ұстанымына сүйенер болсақ, екі ел арасындағы шекаралық шектеуді қайта қалпына келтіруге болмайды. Мұның себебі де түсінікті. Кедендік Одақ аясында бірегей экономикалық кеңістік құрылып, тауар, қызмет пен капитал, жұмысшы қолының еркін қозғалысы қалыптасады. Кедендік шектеу-ді азайту – осы шараның алғашқы қадамы болатын. Ресей, Беларусь пен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтып, экономиканың бір иірімінде қозғалуды Қазақстан тарапы алғашқы болып ұсынған еді. Ендеше, Ресейдің шамалы қиындығын көтере алмай, Кедендік Одақтың күшін жоямыз деу – қисынға келмейді. Қазақстандық кәсіпорындарға монополиялық қөзқарастан арылып, одақтас елдердің ортақ нарығына бейімделгені абзал. Осыны түсінген отандық компаниялардың кейбірі өз тауарларын отыз пайызға дейін төмендетуде. Біздегі өнім бағасы көршілерімізден қымбат болмаса, алыстан арбалап қайтпекпіз?! Біреудің қаңсығы да, таңсық болмас еді…
Жұматай
Кәкімжанов
Қостанай-Түмен.