“Аттан түспейтін” әкімдер көп
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілер, соның ішінде түрлі деңгейдегі әкімдердің қызметтік көліктері мен оған жұмсалатын жанар-жағармайдың есеп-қисабы құзырлы органдар тарапынан айрықша бақылауға алынған. Бұл аймақтың Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мен ревизиялық комиссия төрағасының ұсынысымен жасалған бастама. Айталық, бір айда аудан әкімінің көлігі 5 мың шақырымнан артық жүруге болмайды. Оның орынбасарының темір тұлпарына қойылған шектеу – 3,5 мың, ал ауыл әкімдеріне – 2,6 мың шақырым.
Алайда жасалған сараптама нәтижесінде жергілікті билік өкілдері аталған заң нормаларын орындамай бермейді. Қызметтік көлікті негізсіз пайдалану, жанармайды ысыраптау деректері аз емес. Айталық, жергілікті атқарушы органдар берген жалпы мәліметтер бойынша көліктер белгіленген нормадан 355 мың шақырымға артық жүрген. Келген шығын көлемі 6 млн теңгеге жуықтайды. Бір ғана Науырзым ауданы әкімі аппаратының көлігі 74 мың шақырым артық жүріп, 1,7 млн теңге залал келген. Бұл жөнінде Департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасы бас маманы Талғат Сыздықов тізіп берді:
– Мұндай жағдай Жанкелдин, Қарабалық, Таран, Аманкелді, Таран аудандарында да қайталанып отыр. Ал Денисов ауданы әкімінің орынбасарын тасып жүрген көліктен былтырғы жыл бойына 3900 литр бензинді негізсіз шығыс еткені, шығынның 600 мың теңгеден асқаны анықталды. Аталған ауданның тағы екі орынбасары мен аудан әкімі аппаратының басышысының көліктерінен де жанармайға бөлінген қаражат қолды болған. Осындай негізсіз есептен шығару деректері Әулиекөл, Таран, Ұзынкөл, Федоров аудандарында қайталанған, – деді ол.
Қыдырбек Қиысхан
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.