Мерекелік көңіл-күй сыйлады
Халқымыз қашанда әйел затын қастерлеп, отбасының ұйтқысына, ырыс пен ыңтымақтың алтын діңгегіне балаған. Сондықтан, бар тіршіліктің тұтқасын ұстап жүрген нәзік жандыларымыз қандай құрметке болса да лайық.
Бүгін қаламыздағы орыс драма театрында 8 наурыз – халықаралық әйелдер мейрамына орай “Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалы жүздеген қыз-келіншекті марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Мерекелік шараға Қостанай, Рудный қалалары мен аудандардағы кәсіподақ ұйымына мүше қыз-келіншектер жиналды.
-Жалпы, облыс бойынша жеті мыңға жуық адам біздің кәсіподаққа мүше болып табылады. Бүгін біз мереке қарсаңында осы салада тер төгіп, белсенді жұмыс атқарып жатқан 120 аруды құттықтап, сый-құрмет көрсетіп жатырмыз. Ана қуанышы, әйел қуанышы – ол әр үйдің, әр отбасының, Отанның мерейі. Сондықтан, қашанда жақсы күндеріңіз көп болсын, денсаулықтарыңыз зор, жұмыста табысты болып, отбастарыңыз аман болсын. Әрдайым жақсылықпен, тамаша көңіл-күймен өмір сүре беріңіздер, – деді Римма Ғабдолқызы.
Мерекелік кеште Затобол кентіндегі “Алтын дән” мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы нәзік жандыларға арнап махаббат, ана, көктем туралы ән шырқап, би биледі. Керемет мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға жиналған қыз-келіншектер де алғыстарын жаудырды.
Қарлығаш ОСПАНОВА,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.