Қолжетімді жүйе
«ҚазАгро» Ұлттық Холдингі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолайлы жағдай жасауға іске асырылған несие өтінімдерін қабылдау және өңдеудің автоматтандырылған жүйесі шеңберінде жаңа қызмет түрін енгізді. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан дөңгелек үстел барысында Холдингтің басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиева айтты. Аталған шарада Қазақстандағы ауыл шаруашылық техникасының бүгінгі жағдайы және оны алудағы қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері қарастырылды.
Төраға орынбасары бұған дейін ауылдық жерлерде несие серіктестері және микроқаржылық ұйымдар арқылы кәсіпкерлерге берілетін қарызға кепілдік өтінімдерін енді жүйе арқылы беруге болады дейді.
– Холдингтің еншілес компаниясы – «ҚазАгроКепіл» АҚ арқылы енгізілген қарызға кепілдік бағдарламасы өз жұмысын атқаруда. Бұл компания ауылдық жерде кәсіпкердің кепілдікке қоятын мүлік жетіспеушілігі туындаған жағдайда мемлекет тарапынан кепіл бола алатын кепілгер болып табылады. Кепілдіктер ауыл бизнесінде, әсіресе, бастапқы кәсіпкерлер үшін қаржылық көздерге қолжетімдікті арттыра түсетіні сөзсіз, – деді Айгүл Мұхамадиева.
Несие өтінімдерін қабылдау және өңдеудің автоматтандырылған жүйесін «ҚазАгро» Ұлттық холдингі өткен жылдың жазында іске қосқанын еске сала кетейік. Оның мақсаты – Холдингтің еншілес компаниялары («Аграрлы несие коропрациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ) арқылы ауыл шаруашылық кәсіпкерлерін несиелендіру процессін оңтайландыру. Несие өтінімдерін қабылдау және өңдеудің автоматтандырылған жүйесі көмегімен әлеуетті қарызгер несие немесе лизинг өтінімін Холдингтің несиелендіруші компаниялары кеңселеріне келмей-ақ, бармай-ақ, жүйе арқылы алуына болады. Бұл уақыт және жолға кететін шығындарды қысқартады.
Аталған жүйе шеңберінде Холдингтің компаниялар тобы көрсететін қызметтер туралы кез келген сұрақтарға жауап алудың үш жолы бар: ол (8 800 080 89 87) call-орталық тегін нөмірі, on-line көмекші және электронды пошта. Мұнда мамандар жан-жақты жауаптар айтып, кеңестерін береді.
Қыдырбек Қиысханұлы