«Мұрағат» емес, «архив»

Кезекті баспасөз мәжілісінің қонағы Қостанай облыстық әкімдігінің мұрағаттар мен құжатнамалар басқармасының жетекшісі Гүлжан Меңдекінова болды. Ол облыстық БАҚ тілшілерін жыл бойы атқарылған жұмыстармен ақпараттандырды.IMG_8713
Ведомство басшысы әуелі өздерін таныстырудан бастады. Облыс бойынша 20 филиал, 233 адам жұмыс істейді, оның 26-сы – арнаулы білімі бар мамандар. Бүгінгі таңда, ұзын саны, 5 мыңнан астам қор бар. Сақтаулы тұрған құжат-деректер саны 1,5 млн.-ға жетіп-жығылады. Жылына әртүрлі мекемелерден 20 мыңға жуық құжаттар қабылданып, қатталады. Барған сайын мұрағатқа түскен құжаттар санының артып отыратыны  түсінікті. Г.Меңдекінова жәдігерлерді сақтау сапасының да жақсара түскенін сөз етті. Материалдық-техникалық базаны жаңартуға, жаңа кадрлар даярлауға басымдық беріле бастаған. Технология қарыштап дамыған сайын мұрағатшылардың да жұмысы біршама жеңілдей түсті. Қазіргі таңда қажетті құжаттарды электронды жүйеге көшіру оң жолға қойылған.
Өз әңгімесінде жетекші жыл ішінде атқарылған іс-шараларды жіпке тізіп өтті. Мемлекеттік маңызы бар мерекелерге байланысты ірілі-ұсақты 600-ге тарта іс-шара ұйымдастырылған. Мәселен, облыстың 80 жылдығы қарсаңына орайластырылған «Еңбек даңқы» кітабы соның бір көрінісі. Аудан-ауданды аралап келе жатқан тарихи кітапқа Тобыл-Торғай топырағының даңқты тұлғаларының есімін тіркеуге әр елді мекендегі мұрағатшылардың қосып жатқан үлесі зор.   
Г.Меңдекінова баяндама барысында мұрағаттарды бүлдіру, оларды жоғалту, жою заңмен қудаланатынын да айтып өтті. Мұндай заңсыздыққа барғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК бойынша айыппұл салынады. 
Заң дегеннен шығады, сала заңнамасына ҚР Президентінің қаулысымен енгізілген өзгерістер бойынша,  «мұрағат» сөзі бұдан былай «архив» деп аталады. Мұндай шешімге нақты нендей түрткі-себеп болғанын ведомство басшысы түсіндіріп берген жоқ. Бір анығы, қалалық мұрағаттар бөліміне хабарласқанымызда, осындай қиын-қыстау кезде мұның қыруар қаражат шығынына әкелетінін тілтиек етті мамандар. Олар қазірден бастап толып жатқан құжаттарды қайта тіркеуден өткізіп, мөрлерді өзгертуге кіріскендіктерін айтып отыр.
 
Жандос Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓