Қадам қарқынды, жоспар ауқымды

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен аймақтағы бизнес өкілдерімен кеңейтілген отырыс өткізді. Жиында өңірдің экономика, бизнес саласындағы жыл басынан бергі жұмыстары пысықталды.Өткен екі жыл ішінде бизнес саласының көптеген қиындыққа тап болғаны белгілі. Олардың негізгілері – пандемияға байланысты шектеулер. Осыған қарамастан, облыс кәсіпорындары өндірісі қарқынын қажетті межеден түсірген жоқ. Сондай-ақ, ең бастысы, жұмыс орындарын сақтап қалды. Соның нәтижесінде өңір өзінің экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеп берді. Нақты мәліметтерді облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аслан Жанысбаев егжей-тегжейлі баяндады.
«Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша, облыстағы 864 өнеркәсіп кәсіпорыны 793,1 млрд теңгенің өнімін өндірген. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда табыс 18,2%-ға жоғары. Ал бұларда 42 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Өңір экономикасын дамытудың басты қозғаушы күші машина құрастыру саласы екені анық. 4 айда 17 508 автокөлік өндіріліп, былтырғыдан 12,2%-ға асып түсті.  Жыл соңына дейін 70 мың көлік шығару жоспарда бар», – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникалары өндірісі де қарқынды. Қаңтар-сәуір айларында 78 комбайн жасалып, өсім 2,2 есеге, трактор өндірісі 25,9%-ға артқан. Азық-түлік өндірісі саласында 114,9 млрд теңгенің өнімі шығарылыпты. Облыс өнеркәсібінің дамуына ірі кәсіпорындар ғана емес, шағын және орта бизнес те үлес қосып жатыр.
«ШОБ субъектілері шығаратын өнімнің төрттен бір бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі. Биыл «шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін өңірлік қаржыландыру» жаңа бағытын іске қосу жоспарлануда. Ол ШОБ субъектілеріне 500 млн теңгеге дейінгі сомада қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардан (1-4%) төмен түпкілікті мөлшерлемемен несие беруді көздейді. Мемлекеттік қолдауды жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар кәсіпкерлікті, оның ішінде ауылдық жерлерді де дамытуға елеулі серпін берді», – деп толықтырды А.Жанысбаев.
Биыл 19 мамында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, сол жиында тексерістерді қысқартудың жүйелік шараларын қабылдау арқылы бизнесті қорғау, бизнес-климатты жақсарту қажеттілігін айтқан еді. Басқарма басшысы осыған сәйкес белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды. Айтуынша, 2021 жылы Қостанай облысы Бизнес жүргізуге оңтайлы аймақтар рейтингінде 2-орыннан көрінген. Ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлерге қолдау көрсету шаралары да жылдан-жылға жақсарып келеді.
«Егер 2020 жылы ауылдық жердегі 170 кәсіпкерге қолдау көрсетілсе, өткен жылдың қорытындысы бойынша, мақұлданған жобалар саны 3,2 есеге көбейіп, жалпы саны 542-ге жеткен», – дейді А.Жанысбаев.
Ол қазіргі таңда облыс кәсіпорындары 4-7 шілдеде Екатерингбург қаласында өтетін «Иннопром» ХІІ халықаралық өнеркәсіп көрмесіне дайындалып жатқанын айта өтті.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓