Қала күнімен құттықтады
Бүгін ХҚКО Қостанай облыстық филиалының №2 бөлімі және қалалық әділет басқармасының өкілдері жаңа туылған нәрестелердің ата-аналарын қала күнімен салтанатты түрде құттықтады. Сәбилі болған отбасыларға туу туралы куәліктерін табыстады. Аталмыш іс-шара Қостанай қаласының 135 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
-Жарық дүниенің есігін іңгәлап ашқан нәрестелерді қала күнінің қарсаңында құттықтауды жөн көрдік. Себебі олар бүгіннен бастап ҚР толыққанды азаматы атанды. Ата-аналарды кішкентайлы болуларымен құтықтап, ХҚКО ұсынатын мемеклеттік қызметтер туралы ақпарат бердік. ХҚКО және электронды үкімет порталы арқылы жаңа туылған балаларға жәрдемақы тағайындау және балабақшаның кезегіне тіркеуді жүзеге асыруға болады,-деді ХҚКО Қостанай облыстық филиалы №2 бөлімінің жетекшісі Серік Жүсіпов.
Бүгін ерлі-зайыпты Марат пен Гүлмираның қуанышында шек жоқ. Себебі олар екінші рет ұлды болып отыр. Нәрестенің есімін атасы Аманкелдінің айтуы бойынша Аңсар деп атапты.
-Өзім Денисов ауданында жұмыс істеймін. Әкем Меңдіқаралы ауданына қарасты Ақсуат ауылында тұрады. Екінші баламызды атасының айтуымен Аңсар деп атадық. Ал тұңғышымыз Айдын екі жаста,-деді отағасы Марат Бралин.
Қымбат Досжанова
Суретті түсірген Б.Ахметбеков