Жас кәсіпкер кәсіптік білімін жетілдірді
“Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы аясында “шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту” жобасы арқылы ауданымыздағы жас кәсіпкер Жәнібек Зейнуллин Астана қаласындағы “Назарбаев Университетінде” шетелдік тәжірибе негізінде бизнестің жаңа моделін құру бойынша шетелдік мамандардың қатысуымен 3 күндік оқудан өтіп, сертификат алып келді.
Бұл “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасына жас кәсіпкердің екінші рет қатысуы. Бұған дейін “Бизнес-Кеңесші” жобасы шеңберінде 2 күндік оқу оқып “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының” сертификатын алып, бағдарламаның 1-ші бағыты гранттық қаржыландыру бойынша өткен жылы мемлекеттік грантты ұтып алған болатын. Атап айтар болсақ, кондитерлік өнім шығаратын (жалпы құны 2,7 млн) цехын ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта алған білімін тиімді пайдалана отырып, өз кәсібін дамытып кеңейтуге қолға алмақ.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы