Елімізде еңбек етемін деген әр адамға мүмкіндік бар
Халықты жұмыспен қамту мемлекеттің әлеуметтік саясатын іске асырудағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Бүгінде елімізде жұмыссыздықпен күрес және оның алдын алу мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Елбасымыз да жыл сайынғы Жолдауларында осы жұмыссыздық мәселесіне, жалпы әлеуметтік салаға баса назар аударуды ұмытқан емес. Мемлекет тарапынан қабылданған “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының арқасында да әр азаматтың еңбек етіп, екі қолға бір күрек табуына ерекше қолдау көрсетілуде. Аталмыш бағдарлама біздің өңірде қалай жүзеге асырылуда? Бұл туралы біз Қостанай облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерлан Жаулыбаевпен тілдескен едік.
– Ерлан Әлімбайұлы, соңғы жылдары елімізде халықты жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл бағытта түрлі мемлекеттік бағдарламалардың да қабылданып жатқандығы қуантады. Соның ішінде “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының өңірдегі өміршеңдігі туралы не айтасыз…
– Иә, егемендік алған алғашқы жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы құлдырап, салдарынан елде жаппай жұмыссыздық белең алған еді. Ай сайын 17 мыңға жуық жұмыскерлер мәж-бүрлі еңбек демалыстарына жіберіліп, кәсіпорындар жабылып, жұмыс орындары қысқарды. 1996 жылдары жұмыспен қамту органдарына қырық мыңға жуық адам жүгінді, бұл көрсеткішті жұмыссыздықтың шыңы десек те болады. “Көш жүре түзеледі” деген емес пе, 1999 жылға қарай жұмыспен жүгінушілердің саны 32 мыңға дейін төмендеді. Бірақ, тіркелген жұмыссыздықтың деңгейі сол жылы 15,8 пайызды құрап, жасырын жұмыссыздық 260 кәс-іпорынды қамтыды. Сол кезеңмен салыстырып айтар болсақ, қазіргі уақытта тір-келген жұмыссыздық деңгейі 0,3 пайызды құраса, ал жасырын жұмыссыздық өңірдегі алты кәсіпорынды қамтып отыр.
Құдайға шүкір, қазір еліміздің экономикасы дамыған сайын халықтың да әл-ау-қаты жақсарып, жұмыссыздар саны да бір-тіндеп азайып келеді. Бұған әрине елімізде осы бағытта қолға алынып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың көп көмегі тиюде. Мәселен, 2009-2010 жылдарда қолға алынған “Жол картасы” бағдарламасының арқасында тұрғындар дағдарыстың салқынын сезінген жоқ. Одан кейінгі жылы өмірге келген “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы да аты айтып тұрғандай, осы жұмыссыздықтың алдын алуға, кәсіби оқытудың тиімді жүйесін құруға, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға, сондай-ақ еңбек ресурстарын ұтқыр көтеру үшін жағдай жасауға бағытталды. Ал, 2013 жылдың маусым айында аталған бағдарламаның жалғасы ретінде жаңа “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы пайда болды. Оның да басты мақсаты – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, әсіресе ауылдық жердегі және еліміздегі жұмыс күштерін ұтымды орналастыру. Бағдарламаның бірінші бағыты – инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы арқылы тұрғындарды жұ-мыспен қамту, бұл жүйе 2009-2010 жылдардағы бағдарламада да қолданылған болатын. Екінші бағыты – ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұ-мыспен қамтуды қарастырады. Бұл бағыт аясында жеке кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіліп, 3 миллион теңгеге дейін шағын несиелер берілетін болады. Сонымен қатар, осы бағыт бойынша тірек ауылдарды дамыту қолға алынып, әрбір ауылды дамытудың кешенді жоспары жасалады. Ал, үшінші бағыт – білім беру және қоныс аудару арқылы жұмыспен қамтуды қарастырады.
– Бірінші бағыт бойынша, яғни, ин-фрақұрылымдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарды дамыту есебінен жұмыспен қамту туралы кеңірек айтып берсеңіз…
– Бағдарламаның бірінші бағыты тұрғындарды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарына, әлеуметтік-мәдени нысандарға, инженерлік-көлік инфрақұрылымдарына күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жүргізу кезінде, ауылдардағы фельдшерлік-акушерлік пункттердің, дәрігерлік-амбулаториялардың құрылысында, ауылдық жерлерді абаттандыру кезінде жұмыспен қамтамасыз етуді көздейді. Өткен жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағытын жүзеге асыруға 2,8 млрд. теңге бөлініп, 21 жоба жүзеге асырылды. Осының арқасында Таран ауданындағы №116 Тобыл орта мектебі, Меңдіқара ауданының Буденнов ор-та мектебі және басқа да нысандар жөн-деуден өтіп, 1206 адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туды, олардың ішінде 428 жұмыссыз жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылды. Мәселен, Таран ауданының тұрғыны Виктор Ефремов деген азамат ұзақ уақыт бойы жұмысқа орналаса алмаған. Сөйтіп, жүргенде ол Тобыл мектебінің күрделі жөнделуіне жұмысшылардың қажет екендігін естіп, жергілікті жұмыспен қамту орталығына жүгініп, осылайша көптен күткен жұмысын тапқан. Глазунов ауылының тұрғыны Гүлбаршын Қадамбаева да екі қолға жұмыс таба алмай, көп қиналған жанның бірі. Ол да Глазунов орта мектебінің күрделі жөнделуі кезінде жұмысқа орналасты. Осы жылы да “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша жұмыс тапқандардың саны арта түсуде. Өңірде биыл 2,2 млрд. теңгеге 13 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, бұл 727 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, оның ішінде 365 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілетін болады.
– Ал, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының екінші бағытына кімдер қатыса алады?
– Бағдарламаның екінші бағыты ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыспен қамтуды көздейді, бұл дегеніміз, біріншіден ауылдағы жеке кәсіп-керлікті қолдау. Аталған шаралар аясында ауылдықтардың өз істерін ашуына және дамытуына нақты қолдау жасалып, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша шағын несиелендіру тетігі ұсынылады. Бұл мүмкіндікке орташа және жоғары дамыту әлеуетімен өз істерін ұйымдастырғысы келетін, өз бетімен жұмыс істеп жүрген, жұмыссыз және аз қамтылған азаматтар қатыса алады. Бағдарламаға қатысушылар біздің тарапымыздан кеңес алу, оқу, заңгерлік және қаржылай көмек ала алады. Мәселен, біз-дің мамандар оларды кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытады, бизнес-жоспар құруға көмектеседі, жүзеге асырудың алғашқы жылы жобаны алып жүру бойынша сервистік қызметтер көрсете алады, технологиялық жабдықтарды сатып алуға және инженерлік-коммуникациялық инфрақұ-рылымға жәрдемдеседі. Ең бастысы, халыққа ауылда кәсіпкерлікті қолдауға шағын несиелер ұсынылады. Жыл сайын об-лыс әкімдігімен шағын несиені жүзеге асыратын уәкілетті аймақтық ұйым анықталады. Мәселен, шағын несиелендіруді 2011-2012 жылдары “Тобыл” ӘКК” акционерлік қоғамы жүзеге асырса, 2013 жылдан бері “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ облыстық филиалы жүзеге асырып келеді.
– Ауылда өз кәсібін ашқысы келген кез келген адам аталмыш бағдарламаның арқасында шағын несиеге қол жеткізе алады дейсіз ғой…
– Әрине, бағдарламадағы екінші бағыттың басты мақсаты да осы. Бірақ шағын несиеге қол жеткізу үшін міндетті түрде кепілдік талап етіледі және ол өз ісін ұйымдастыру немесе кеңейту үшін ғана беріледі. Айта кетер жәйт, несие тұтынушылық мақсаттарға, тұрғын үй сатып алуға, өзге де қарыздарды өтеуге, сондай-ақ сауда саласындағы қызметті жүзеге асыруға берілмейді.
– Жалпы, бағдарламаның екінші бағыты өткен жылы қандай нәтиже берді және биылғы қаржыландыру көлемі қандай?
– Өткен жылы бағдарламаның екінші бағыты бойынша 851 млн. теңге игерілді. 2011-2013 жылдар аралығында барлығы 563 шағын несие беріліп, нәтижесінде 315 жұмыс орны құрылды. Осы жұмыс орындарына жұмыспен қамту орталықтары арқылы 88 адам орналастырылды. Мәселен, Таран ауданының Майское ауылының тұрғыны Меңсұлу Пархоменко бағдарламаның екінші бағыты бойынша шағын несиеге қол жеткізіп, соның арқасында гүл өсіретін жылыжай салып, бүгінде өз кәсібін жандандырып отыр. Жергілікті жұмыспен қамту орталығының мамандары да оған бизнес-жоспар құруға және несиеге қажетті құжаттарды дайындауға көмектесіп, бағыт-бағдар беруге тырысты. Сондай-ақ, бағдарламаның арқасында сарыкөлдік Константин Демченко жеке стоматологиясын ашса, жітіқаралық Бекдәулет Айтмұхамбетов те өз ісін кеңейтуге мүмкіндік алды. Жалпы, бағдарламаның арқасында шағын несиеге қол жеткізіп, өз ісін ашып, бүгінде орта және шағын бизнестің өркендеуіне аз да болса, өз үлестерін қосып жатқандар саны жетіп артылады. Биылғы жылы бағдарламаның екінші бағыты бойынша өңірге 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінсе, соның ішінде 900 млн. теңгесі осы шағын несиелендіруге, ал 102 млн. теңге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, 4,9 млн. теңге кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жұмсалатын болады. Қазіргі күні “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” арқылы 500 млн. теңгенің тапсырысы қаралуда. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталықтары арқылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға қатысатын үміткерлердің де тізімі қаралуда. Үстіміздегі жылдың 18 сәуірінде “КазАгромаркетинг” ЖШС базасында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жұмыстары да аяқталды
– Ерлан Әлімбайұлы, тірек ауылдарды кешенді дамыту туралы да толығырақ айтып берсеңіз..
– Бағдарламаның үшінші бағыты тірек ауылдарды кешенді дамытуға арналған, яғни мемлекеттік қолдау шараларын шоғырландыру есебінен әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары және орташа ауылдық елді мекендерде нысаналы нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы, бұл бағытты іске асырудың негізгі тетіктеріне тоқталар болсақ, ауданның жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен ауылдық елді мекеннің бизнес моде-лін әзірлеу үшін консалтингтік компанияны таңдауды жүзеге асырады. Одан кейін консалтингтік компания ауылдық елді мекендер үшін дамудың перспективалық ба-ғыттарын айқындап, мастер жоспар әзір-лейді. Яғни, ауылды дамытуға арналған бұл бизнес жоспар нақты сатып алушыға бағдарланған кәсіпкерлік қызметті, іске асыруға ұсынылатын перспективалық бағыттар мен нақты жобаларды, баға сая-сатын, логистиканы, бәсекелестік басымдықтарды, еңбек ресурстарының болуын, олардың сапасын, белгілі бір жобаларды іске асыру үшін қажетті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды айқындауға септігін тигізеді. Бүгінде тірек ауылды дамыту жөніндегі шаралар биыл Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қызылорда облыстарында пилоттық жүйеде жүзеге асырылуда.
– Өңірде азаматтарды әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналастыру жұмыстары қалай жүзеге асырылуда?
– Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша кәсіби дайындық курстарында оқу, қайта даярлау және біліктілікті арттыру, сондай-ақ жаңа тұрғылықты жерге жұмысқа орналасу сияқты көмектерге де қол жеткізуге болады. Соның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесі арқылы да жұмысқа орналасуға мүмкіндік мол. Кәсіби оқыту мерзімі 12 ай болса, ал қайта даярлау курстарынан өту мерзімі 6 айға созылады.
Әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру жергілікті атқару органы мен жұмыс берушінің келісім-шарттары негізінде жүзеге асырылады. Әлеуметтік жұмыс орындарында еңбек ету мерзімі 12 ай, жұмысшыға еңбекақының жартысын жұмыс беруші төлесе, жартысы мемлекет тарапынан төленеді. Айта кетер жәйт, еліміз бойынша алғаш рет әлеуметтік жұмыс орны біздің Қостанай облысында ұйымдастырылған болатын. Рудный қаласындағы “Казогнеупор” акционерлік қоғамында құрылған алғашқы әлеуметтік жұмыс орнының тұсаукесерін Елбасымыздың өзі кескен еді. Артынша біздің тәжірибемізді еліміздің басқа да өңірлері қолданысқа енгізе бастады. Сондай-ақ, ҚР “Халықты жұмыспен қамту туралы” заңы жаңа 18-1 бабымен толықтырылды. Бағдарлама аясындағы жастар тәжірибесі де жас түлекке қолдау көрсетіп, еңбек өтілін жинауға көп көмек беруде. Басты мақсат – мамандық бойынша тәжірибе алу, жұмыс нарығында жастар арасындағы бәсекені арттыру болып табылады. Жастар тәжірибесі өндірістерде, ұйымдарда өткізіледі. Түлектердің жастар тәжірибесіне қатысу мерзімі 6 айдан аспайды, оларға 18 АЕК көлемінде жалақы төленіп тұрады. Жұмыс берушілердің ықыласымен түлектің тәжірибе біткеннен кейін сол мекемеде қалып, арықарай жұмысын жалғастыруына да мүмкіндігі мол.”Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020″ бағдарламасының үшінші бағыты оқыту мен қоныс аудару арқылы жұмыспен қамтуды көздейді. Яғни, тұрғындар мен оралмандарды әлеуметтік әлеуеті төмен елді мекендерден экономикасы қарқынды дамыған өңірлерге көшіру мәселесі қарастырылған. Сонымен қатар, бағдарлама қатысушыларына көшуге субсидиялар, қызметтік тұрғын үй ұсыну, жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға әрекеттесу, қажеттілігі болғанда біліктілікті арттыру және қайта даярлау, кәсіби даярлау курстарында оқытуға да мүмкіндік жасалған. 2012 жылы осы мақсатта Рудный қаласындағы тұрғын үй қалыпқа келтіріліп, 117 отбасы қоныстанған болатын, оның ішінде жетім балалар да бар. Осы тұрғындардың ішінде еңбекке қабілетті деген 129 адам жұмыспен қамтылды. 2013 жылы бағдарламаның үшінші бағытын жүзеге асыруға 582,9 млн. теңге бөлінген-ді. 770 адам кәсіптік оқыту курстарынан өтуге мүмкіндік алса, 1322 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, ал 824 адам жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа орналастырылды. Үстіміздегі жылы бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 675 адамды кәсіптік оқыту курстарынан өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарына жоспарға сай 550 адамды тарту көзделсе, бүгінде 546 адам еңбек етуде. Ал, жастар тәжірибесінен жоспар бойынша белгіленген 350 адамның бүгінде 124-і өтуде.
Осылайша өмірге енген “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының маңыздылығы біздің облыста да нақты істерімен көрініс табуда. Бағдарламаға кез-келген тілек білдіруші қатыса алады, бұл туралы ақпаратты жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орталықтарынан алуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет!