“Қанатты әйел–2014”
Міне, осындай атты байқау Достық үйінде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының, мемлекет, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының ұйым-дастыруымен жетінші рет өтті.
– Байқауға облысымыздың қалалары мен аудандарынан он үш әйел қатысты. Ең алдымен бұл іс-шара қала деңгейінде еді, енді облыс дәрежесіне көтеріліп отыр. Шалғай Жанкелдин, Аманкелді, Қарабалық сияқты аудандардың өкілдері де қатысу үстінде. Қатысушылардың барлығы да өздерінің өнерлерін көрсетті, ән айтты, би биледі, мәнерлеп мәтін оқыды. Әрқайсысы өнерлі, талапты да талантты. Өнер шығармашылықтарын бір-бірінен бөліп-жарып айта алмайсың, бәрі де керемет. “Көп түкірсе, көл дегендей” осы байқауға қолдау көрсеткен “Нұр Отан” партиясына, іскер әйелдер қауымдастығына, облыстық мәдениет басқармасына алғысымды айтқым келеді,-деді бізге мемлекет, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Р.Ғайсенова.
Байқау қорытындысы бойынша қатысушылардың бір тобы “Жас талант”, “Қолөнерші”, “Шығармашыл”, “Ең дарынды” номинацияларына ие болды. Ал, бірінші орынды рудныйлық М.Рыспаева жеңіп алса, екінші мен үшінші орын қарабалықтық М.Жағыпароваға, лисаковтық С.Шалдыбаеваға берілді. Қатысушылардың барлығы бағалы сыйлықтармен, мақтау қағаздарымен марапатталды.
Гүлназым
САҒИТОВА
Суретте: байқаудан көрініс.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.