«Ең әдемі келіншек – 2015»
Көгілдір көктемнің мерейлі мерекесі яғни, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналып қалалық мәдениет сарайының ұйымдастыруымен облыстық қазақ жасөспірімдер театрында нәзік жандардың құрметіне «Ең әдемі келіншек – 2015» атты байқауы өтті.
Көктем табиғатымен үндескен жылылық, шексіз мейірімділік, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап өмір себуші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі – ол Ана. Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Өйткені әйелдің қолында тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар. Ерді үйдің иесі деп санаған дана халқымыз әйелді шаңырақтың киесі деуі де сондықтан. Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі.
Шұғылалы көктемнің алғашқы қарлығашы, осынау бір тамаша көктем мерекесіне тән әдемілік пен нәзіктіктің белгісі – жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытып отырған келіндеріміз байқаудың 6 кезеңі бойынша өзара сынға түсті.
Қазақ келініне тән парасаттылық пен ізеттілікті, отбасы құндылықтарын құрметтеу мақсатында ұрпақ тәрбиесіне жауапты аяулы ана, сүйікті жар бола білетін абыройлы да сымбатты келіншектердің өнерін бағалау үшін өнерге жанашыр, үлгілі отбасының аяулы да, көп балалы аналары қазылық жасады.
Нәтижесінде бұл байқауға қала мекемелері арасынан 8 үміткер қатысып, дүйім жұртты өнерлерімен тәнті етті. Қазылар алқасының шешімі бойынша Торғай аграрлық-техникалық колледжінің оқытушысы Бағила Балмашева «Өнерлі келін» номинациясын, Алуа ауылының мәдени ұйымдастырушысы Айткүл Орынбекова «Үлгілі келін», ал Арқалық медицина колледжінен Исламия Камалиева «Білімді келін», Арқалық қаласы өңірлік емханасының әлеуметтік қызметкері Сайранкүл Қасымханова «Заманауи» номинациясын иеленсе, III-орынды «Золотой ключик» балабақшасының ата-анасы, Арқалық өңірлік туберкулезге қарсы диспансерінің экономисі Жадыра Саданова (кілем), II-орынды Арқалық медицина колледжінен Райса Нұрхан (сабуфер), I-орын «Азық-түлік» компаниясы үміткері Айнұр Кәдірбаева (толқынды пеш) иеленді. Ал «Ең әдемі келіншек – 2015» атағына, яғни Бас жүлде (теледидар) 3 баланың анасы Арайлым Бабасованың еншісіне бұйырды.
Байқауға қатысқан барлық үміткерлерге бағалы сыйлықтар ұсынылды.
Зәмзәгүл ТАПАЛОВА,
қалалық мәдениет
сарайының әдіскері.
Арқалық қаласы.