3,3 млрд теңге игерілмеген
Былтыр Қостанай облысында бюджеттің 3,3 млрд теңгесі игерілмей қалған. Облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен бұл сома биыл түрлі қажеттіліктерге қайта үлестірілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Қостанай облысының былтыр игерілмеген қаражатын қайта қарастыру мәселесі талқыланды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Елена Дерийдің сөзінше, 2017 жылы бюджеттің кіріс бөлігін асыра орындау арқылы біраз қаржы артылып қалған.
«Қостанай облысында былтыр бюджеттің 3 млрд 326 млн теңгесі игерілмеген. Алдағы жылы осы қалдық ақшаның 1,116 млрд теңгесін Қостанайдағы жабық футбол алаңын салуға жұмсау ұсынылады. Сондай-ақ, 836,8 млн теңге жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қажеттіліктеріне жұмсалмақ. Білім басқармасына 298 млн теңге қарастырылды. Облыстық және аудандық маңызы бар 9 жолға 554,7 млн теңге бөлінеді», – деді Дерий өз баяндамасында.
Атқарушы биліктің бұл ұсынысын депутаттар бірауыздан мақұлдады. Бұған қоса, облыстағы 6 басқарма мен әкім аппараты да қаржылай көмек алатын болды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, қалдық ақша кезек күттірмейтін шаруаларға жұмсалады. Солардың бірі – жол мәселесі.
«Биыл облыстық маңызы бар жолдарды 12 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өткіземіз. Былтырдан қалған 554 млн теңге де үлкен көмек болғалы тұр. Жол жөндеу жұмыстары мамыр айында басталады. Жоспар бойынша, ол 2018 жылғы 15 қазанға дейін созылады. Алдағы уақытта облыс орталығынан шалғай орналасқан Амангелді мен Жанкелдин аудандары арасындағы жол да жаңарады», – деді өңір басшысы.
Мұның сыртында депутаттар бірнеше жобаның орындалуын қолдады. Атап айтқанда, 704 млн теңге Арқалық жылу-энергетикалық компаниясына мазут сатып алу үшін, 383 млн теңге Юбилейный ықшамауданына электр желілерін жеткізуге, тағы 100 млн теңге Ұзынкөл ауданындағы мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге беріледі. 500 млн теңгеге жуық қаражат алты аудандағы және Лисаков қаласындағы орта мектептің күрделі жөндеуіне бағытталады.