Колледжге К.Дөненбаева есімі беріледі
Социалистік Еңбек Ері, әйгілі әйел-механизатор Кәмшат Дөненбаеваның есімін мәңгі есте қалдыру туралы бұл бастаманы аймақтың атқарушы билігі мен облыстық мәслихат ұсынған. Бүгінгі кезектен тыс сессияның қатысушылары бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдады.
Бұдан былай К.Дөненбаеваның есімі туған өлкесі – Меңдіқара ауданындағы Боровской кәсіптік-техникалық колледжіне беріледі. Депутаттар шешімімен қуатталған ұсыныс үкіметке жолданады.
Мұны сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те жақсы бастамаға балады. Сондай-ақ, ол облыс орталығында іргесі қаланып жатқан Юбилейный шағын ауданында Еңбек Ерінің атындағы саябақ пайда болатынын айта өтті. Саябақ ішіне даңқты жерлесіміздің ескерткіші де орнатылады. Бұл жоспарлар жыл соңына дейін жүзеге асады.