Студенттер жеңілдік сұрайды

Қостанайлық жастар қалада студенттік жолақы билетін енгізуді сұрап отыр. Бұл туралы «Жас Отан» Жастар қанатында өткен басқосуда мәлім болды. студентЖиынға келген студенттер жолақының қымбаттауын тілге тиек етті. Ал «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Ерлан Төлетаевтың сөзінше, автобуста жүру құны студенттер үшін 80 теңге болып қалуы тиіс.
«Қазірдің өзінде студенттерге оқу орнына барып келу үшін кемінде 160 теңге кетеді. Бұл бір айға шаққанда 14 мыңға тең. Мемлекеттік грантта оқитындар айына орта есеппен 16 мың теңге алады десек, басқа да шығындарға небәрі 2000 теңге артылады. Мен Қазақстанның барлық өңіріндегі жолақы құнын қарап көрдім. Ең қымбаты – Қостанайда. Сондықтан студенттерге жеңілдіктерді қарастыру керек»,- дейді ол.
Айта кету керек, күні кеше ғана студенттер мен түрлі ұйымдардың өкілдері петицияға қол қоюды бастады. Олар аталған құжатта Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыповтан қоғамдық көліктерге студенттік билет енгізуді сұрайды.
«Осы петицияға қазірдің өзінде 2000-дай студент қол қойды. Бұл тізім көбейері сөзсіз. Билік өкілдері жастардың өтінішін есепке алады деген ойдамыз», – дейді Аянат Меңдібаева есімді студент.
Еске салсақ, ақпан айынан бастап Қостанайда қоғамдық көлік ақысы 100 теңгеге дейін қымбаттайды. Себебі, тасымалдаушы компаниялар қала әкімдігіне тарифті көтеру туралы бірнеше рет ұсыныс жасаған. Олардың айтуынша, қоғамдық көліктердегі қалыпты баға 125 теңге болуы тиіс.
 
Қасқырбай Қойшыманов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓