Тоқаев Ахаң мерейтойына қатысады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының Жангелдин ауданында өтетін Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына барады.
Қостанай облысы әкімдігінің мәліметінше, мерейтой бағдарламасы 3 қыркүйекте басталып, үш күнге ұласады. Торғай төсіндегі дүбірлі, думанды ҚР Президенті арнайы барып тамашаламақ.
Президенттің алдын ала бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қыркүйек күні Қостанай облысына барады. Жұмыс сапары аясында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойының ресми іс-шараларына қатысады, – деп жазды облыстық баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, бұған дейін торғайлық белсенділер Facebook-те ұлт ұстазының тойына мемлекет басшысының қатыспауы сын болатынын, ел ортасында ел иесі жүруі тиіс екенін жазған еді. Бүгінгі жаңалықты Ахметтің жерлестері зор қуанышпен қабылдап жатыр.