Ахаң экспедициясы жолға шықты

Қостанайдан бастау алған тарихи сапар Қазақстанмен шектеліп қалмай, шекаралас елдерге баруды да жоспарлап отыр.
Мақсат – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы табаны тиген, қызмет еткен, айдауда болған елді мекендерді аралау. Алаш үшін басын бәйгеге тіккен ұлы тұлғаның рухына тағзым етіп, тағдыр жолынан тағылым алу.
Экспедиция мүшелерінің айтуынша, рухани-мәдени жорық бірнеше бағыт бойынша жалғасады. Алғашқысы – Нұр-Сұлтан-Қарағанды-Қарқаралы-Ақтерек-Семей-Қостанай. Одан кейін мақсатты топ Мәскеу, Орынбор, Омбы, Архангел, Томск және Баку қалаларына сапар шекпек.
«Дәл қазір Қарқаралы ауданындамыз. Бұл ұлт ұстазының ізі сайрап жатқан өңірлердің бірі ғой. Күні кеше осындағы №48 мектеп-лицейде жергілікті зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен жиын өткіздік. Сондай-ақ, аудандық тарихи-өлкетану музейі ғимаратына келіп жатырмыз. Мұнда 1905 жылы әйгілі «Қарқаралы петициясы» оқылған. Ахмет сол петиция авторларының бірі. Мұның сыртында, кезінде Ахаң мұғалім болған Ақтерекке барамыз. Сапар барысынан үздіксіз ақпарат беріп отыратын боламыз», – дейді экспедиция мүшесі, қаламгер, журналист Абылай Мауданов.
Топ басшысы – рухани көсемнің мұраларын түгендеп жүрген ақсақал, ахметтанушы, өлкетанушы Ибраһим Ағытаев. Ол кісі де осы сапардан олжалы оралатындарына үміт артып отыр.
Айта кету керек, бұл бағдарламаны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының тапсырысы бойынша "Саналы ұрпақ"қоғамдық ұйымы жүзеге асырып жатыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓