Темірғалидың тамаша отбасы

IMG_3130Мынау суреттегі Көгентаевтар отбасы Аманкелді ауданына қарасты Үрпек ауылынан. Отас-қандарына он төрт жыл толып отырған Темірғали мен Тамашаның алты баласы бар.
42 жасар Тамаша алтын құрсақты аналардың көшін жал-ғап келеді. Олай дейтініміз, жиырма жасынан тұрмысқа шыққан келіншек алты баланы аяқтандырып, жетінші сәбиін асыға күтіп жүр. Ерлі-зайыптылардың үлкен қыздары Мөлдір 16 жаста, Айымы 7 сыныпта, Айдыны 5 сыныпта, Мадияры 3 сыныпта, Айболы даярлық сыныбында оқиды. Кішісі Томирис 3 жаста. Көп балалы Тамашаның "Күміс алқа" иегері екенін айта кеткен абзал.
Көгентаевтар отбасы жұрт қатарлы тіршілік етіп, күн көруде. Азын-аулақ  мал ұстап, құрт-қаймағын қорек қылады. Отағасы Темірғали ауылдағы кәсіпкердің қол астында нанын тауып, нәпақасын айырып жүр. Мұның сыртында, он сегіз жасқа дейінгі балаларға тиесілі 20 мың теңге жәрдемақыны әжептәуір тығын көреді. Отбасы мүшелері қолға тигенді ұқсатуға тырысады. Олар жоқшылыққа налып, баршылыққа дандайсу дегенді білмейді. Бөгдеге жалтақтап, алақан жайып көмек сұраған да емес…
– Баламыз көп, асырай аламыз ба деген ой болған емес. "Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі" деген бар емес пе?! Біздің түсінігімізде, әр баланың өз ырыздық несібесі болады, – деді отанасы Тамаша.
Нарық заманында несібеге сенген Темірғали мен Тамашаның тірлігі көпке үлгі. Тұрмыстың тарлығына қарамастан ұл-қыздарын қатарынан қалдырмай тәрбиелеуде. Бұл үйдің балалары әдемі көйлекке таласпайды. Жаңа киім алынса, ол тұңғышына тиесілі. Сәл қысқарғанын кейінгілері іліп әкетеді.  Балақайлар бір тілім нанның өзін бөлісіп, қара көжені бірге ішеді. Бұған налып, қабақ шытқан баланы көрмейсіз. Берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының балалары бақытты сезіледі.
– Балаларым жазғы демалыста ауылда болады. Олардың қалаға барып қыдырып, елді-жерді көргенін армандаймын. Ұл-қызымның бәрін бірдей қыдыртуды жағдай көтермейді. Тым болмаса, демалыс лагерьлеріне жолдама берсе жақсы болар еді, – деді Тамаша Көгентаева. 
Жұпыны өмірге жұтылып кетпей, шаңырағы шаттық пен күлкіге толы Көгентаевтар отбасына қарап, көңіліңіз тояды. "Қазақтың әр шаңырағы бала-шағаның күлкісіне толы болып, татулықтың базары тарқамаса екен" деген ой келеді санаңа. Көпбалалы әрбір отбасына көрсетілер көмек көбейсе – ол күндерге де жетер едік.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓