“Қазпошта” бөлімшелері жаңа көліктерге ие болды
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов “Қазпошта” АҚ-ның облыстық филиалында болып, пошта қызметінің тыныс-тіршілігімен және осы саладағы жаңа өзгерістермен танысты.
Бұған қоса, әкім өңірдің пошта бөлімшелеріне су жаңа көліктердің кілтін табыс етті.



-Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Осы жылдар ішінде Қазақстан табысты әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып, алдыңғы озық мемлекеттердің қатарынан орын алды. Бүгінгі шара да халықтың игілігі үшін жасалып отыр. Жалпы, облыста қазір 1300-ден астам адам халыққа пошталық, қаржылық және агенттік қызмет көрсетуде. Бүгінге дейін облысымызда 93 көлік халыққа уақытылы хат-хабар тасылмалдаса, міне, бүгін солардың қатарына жаңадан 22 автокөлік қосылып отыр. Соның ішінде қуантып отырғаны – шалғайда орналасқан Аманкелді, Жанкелдин аудандары мен Арқалық қаласына да жаңа автокөліктердің берілуі. Бұл, әрине, сол өңірлердегі халыққа газет-журналдарды, хат-хабарламаларды уақытылы тасымалдауға үлкен септігін тигізетіндігі сөзсіз. Барлық пошта қызметкерлерін осы қуанышты жағдаймен құттықтай отырып, жұмыстарына табыс, зор денсаулық, отбастарына амандық тілеймін, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.

Қарлығаш Оспанова
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков