Өрен өмірмен қайта қауышты

            Бұл баланың аты-жөні – Ерасыл Бейсенғалиұлы Шалдыбай. Осыдан бір ай бұрын жеке адамның моншасына барып, абайсыздан үстіне ыстық су құйылып, денесінің 85 пайызын күйік шалған болатын. Аудандық аурухана  дәрігерлері уақытында алғашқы көмек көрсетіп, қатердің алдын алған еді. Дегенмен, баланың жағдайы ауыр болғандықтан, бас дәрігер Әміржан Бақытжанов он облыстық ауруханаға жедел түрде жеткізген. Өмір мен өлімінің ортасында арпалысып жатқан Ерасылды облыстық ауруханының дәрігерлері жансақтау бөліміне жатқызып, емдік шара жасап, өмірмен қайта қауыштырды. Ерасыл отбасымен қайта табысты.Ерасыл
            -Жанымыз қысылғанда қайда барарымызды білмей қатты қиналдық. Өз басымда тұрақты жұмыс жоқ. Мерзімдік от жағушы қызметіндемін. Әйелім аудандық поштада газет үлестіруші болып жұмыс істейді. Оның сыртында екінші топтағы мүгедек. Баламыздың еміне қомақты қаражат және қан қажет болды. Қандай іс болса да көппен бітеді ғой. Қиналғанда қол ұшын беріп, қаржылай көмек көрсеткен аудан әкімдігіне, аудандық білім бөліміне, “Балдырған” бөбекжай балабақшасына, аудандық аурухана ұжымына, сауда-саттықпен айналысатын жеке кәсіпкерлерге үлкен рахмет айтамын. Балама қажетті мөлшерде қан берген адамдарға басымды иіп, шексіз алғысымды білдіремін. Қайғыдан қайысқанда сүйеу болған барлық қайырымды жанға Алланың нұры жаусын! – дейді Ерасылдың әкесі Бейсенғали қуаныштан көзіне жас алып.
            Расында, азғантай ғұмырда мұқтажға қол ұшын созу, жылы сөзбен демеп, жақсылық жасауды әрбір адам міндетіне айналдырса, өмірдің мәні мен сәні арта түседі емес пе.
 
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓