Майлин мерейтойы

Қазақтың көрнекті жазушысы, әңгіме жанрының хас шебері, ақын Бейімбет Майлиннің 125 жылдығы оның туып-өскен жері – Бейімбет Майлин ауданының орталығы Әйет ауылында кең көлемде атап өтілді. Дүбірлі тойға алыс-жақыннан ағылып келген қонақтардың қарасы көп болды.
DSC_0981
Биыл Тобыл өңірінің жұртшылығы үшін қуанышқа толы жыл болды. Сексен жыл бойы Таранның атын иеленіп келген аудан орталығына оның тарихи атауы қайтарылса, ауданның өз атауы жуырда ғана ҚР Президентінің Жарлығымен Бейімбет Майлин ауданы деп өзгертілді. Қаламгердің 125 жылдығы қарсаңында бұл тамаша жаңалық қалың қазақ жұртының, соның ішінде Би-ағаның ұрпақтарының рухын асқақтатып, ел мерейін көкке көтерді.
DSC_0013
DSC_0943
– Қазақтың үш бәйтерегі Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин – армандары бір, мақсаттары бір, тағдырлары да бір болған асыл тұлғаларымыз. Бүгін біз, Бейімбет атаның ұрпақтары, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданынан сегіз адам болып келдік. Біз атамыздың 100, 120 жылдығын да жерлестерімізбен бірге тойладық. Алайда биылғы жылдың барлығымыз үшін маңызы бөлек – аудан көптен күткен Бейімбет Майлин атауын алып отыр. Осы орайда, барлық зиялы қауым өкілдері мен жерлестеріме, жергілікті билікке ұрпақтар атынан үлкен рахметімді айтамын, – дейді жазушының немересі Рәзия Бейімбетқызының қызы Зәуреш Сейтжанова.
DSC_0086
Мерекелік іс-шара орталық алаңдағы Бейімбет Майлин ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Кейін қонақтар аудандық мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған көрменің аралап, өлкетану мұражайының құнды жәдігерлерімен танысты.
«Бейімбет Майлиннің мұрасы – ұлттың асыл қазынасы» деп аталған ғылыми-практикалық конференцияның шымылдығын Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев ашты.
DSC_0030
– Халқымызда «таулардың биіктігі алыстаған сайын білінеді» деген сөз бар. Бейімбет Майлиннің дара тұлғасы уақыт өткен сайын асқақтап, оның шығармалары халықтың асыл қазынасына айналды. Бүгінгі іс-шаралар Би-ағаның мәдени мұрасын зерделеуге бағытталған, жаңа қадамдарға негіз болуы керек деп санаймыз. Мәселен, Қостанайда жас әдебиет сүюшілердің қатысуымен жастар конференция өткізілмек. Осы жас ғалымдарға Бейімбет Майлинның атындағы шәкіртақыны тағайындап отырмыз. Сонымен қатар облыстық театрлар сахнасында қаламгерге арналған және оның шығармалары бойынша спектаклдер қойылуы тиіс. Ал бүгінгі конференция барысында зиялы қауым өкілдері тарапынан айтылған ұсыныстарды ескеріп, нақты іс-шаралар жоспарын қабылдауымыз керек. Бүгінгі той құтты болсын. Алдағы уақытта «Би-ағаның» елі деген атаққа лайықты жасампаз бастамалармен таныла берулеріңізге тілектеспін, – деді ол.
DSC_0041
Ал ақын, жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет:
– Бейімбет Майлин өз дәуіріндегі шындықты жеріне жеткізе суреттеді. Ол халқымыздың басына алмағайып заман орнап, ұлтымыздың тағдырына қауіп төндірген ашаршылық, жоқшылық сияқты дәуірлерді бүкпесіз, жасырмай жазған қаламгердің бірі де, бірегейі, – деп жазушының осы қырын ерекше атап өтті. Күллі қазақ жазушылары атынан ауданның Бейімбет Майлин атануымен құттықтады.
DSC_0104
Конференцияда Бейімбет Майлин кезінде жауапты хатшы болған республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Айбын Шағалақов, "Қостанай таңы" газетінің директор-бас редакторы Жанұзақ Аязбеков пен ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетова, тағы басқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген зиялық қауым, әдебиетшілер мен тарихшылар сөз сөйлеп, Би-ағаның көпшілік біле бермейтін қырларын әңгімеледі.
DSC_0061
Шара соңында биылдың өзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына 12 млн теңге бағыттаған «Майлин» ЖШС директоры, меценат, биылғы «Жомарт жүрек»
жобасының «Жыл тұлғасы» атанған Петр Бушкинге Бейімбет Майлин атындағы Қор арнайы мерейтойлық төсбелгісін табыстады.
DSC_0069
DSC_0960
DSC_0022
DSC_0047
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓