Ерек жан, елейтін тұлға
(Өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдарында Қостанай–Торғай өңіріне имандылық пен ізгіліктің тамаша үлгісін көрсеткен Аймағанбет Спанов хақында оқырмандар пікірі)
Оқушылардың есінде болар, газетіміз де биылғы маусым айында "Ескерусіз қалған есім-дер" айдарымен "Аймағанбет молда туралы не білеміз?" (№63. 18.06.14) деген мақала жарық көрген. Осы жарияланымнан соң редакциямызға кейіпкеріміз туралы әр жақтан, әр тараптан телефон қоңыраулары шалынып, хат жазып, бірқатар кісі редакциямызға да келген. Біз "Жазылған жайдың жаңғырығы" айдарымен поштамызға келіп түскен хаттардың бір парасын оқырмандар назарына ұсындық та. (02.07.14) Бірақ, бір ғажабы, ол кісі туралы сұраушылар, есінде қалғандарын қалың оқырманмен бөліскісі келетіндер күннен-күнге көбейіп келеді. Олардың айтары – Аймағанбет Спанов елге қайырымы мен мейірімі мол, үлгі-өнегелі, бүкіл Қостанай–Торғай өңіріне зор адамгершілігі, мұсылман дінінің имани гүлдерін өсірген абзал кісі. Қарапайым ел-жұртқа орасан зор еңбегі мен қызметі сіңген адамдарға жаңа ұрпақ өз сөзін айтуға тиіс. Оқырмандар ойы: газет арқылы Аймағамбет молданы кеңірек таныстыру және есіміне ұмытылмайтындай белгі орнату хақында көпшілікке ой тастау.
Бүгін редакция поштасындағы осы орайдағы хаттардың кезекті жаңа легін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Киелі шаңырақ иесі
Өмірде өзің араласқан адамдардың ішінен есіңде мәңгі сақталып қалатындары болады. Біреуі жақсы ісімен, біреуі инабатты да ізеттілігімен, ал енді біреуі қиын кезеңде қол ұшын берген көмегімен есте қалады.
Ал мен сөз еткелі отырған адам осы қасиеттердің бәрін бойына сіңірген кісі еді. Ол алланың ақ жолын ұстанған, текті тұқымнан шыққан, алаштың белгілі қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туысқаны – Аймағанбет Спанов болатын. Ол кісі бертінге дейін Қостанай қаласындағы Жамбыл көшесі №22 үйде тұрды. Үйі Нариман базарының жанында болатын. Төрт бөлмелі шағын ағаш үй қашан барсаң да сырттан келген қонақтарға толы болатын еді. Толы болатыны Торғай жақтан елден келген ағайынның бәрі танысын-танымасын сол үйге түсетін.
Себебі, ертеректе қалада қонақ үй жоқ, сондықтан олай-бұлай жүрген жолаушы амалсыздан сол үйге келетін. Келген адамға қабағын шытқан үй иелерін байқаған емеспін. Есіктен кірген бетте көрпесін төсеп, төрге отырғызып, дастарханын жайып, қонақасын беретін. Біреу келіп, біреу кетіп жатқан соншама адамды жылы қабылдап, қолдан келген көмегін жасап жатқан үй иелеріне таң қалатынбыз.
Айекеңнің кемпірі де етек-жеңі кең адам еді. Ұмытпасам, Боранбай деген ұлы, менімен қатарлас Амантай деген немересі болатын.
Менің ол үйге барып түсетін себебім, Айекең мен менің әкем Әлмағамбет өте сыйлас болды. Әкем қуғын-сүргін кезінде төрт рет сотталып, Қостанайдың ақ түрмесінде отырған ғой. Сол кезде Айекеңмен аралас-құралас, сыйлас болған, әрі жерлес, ағайындығы да бар.
Мен Гурьевте институтта оқығанда Шиліден Қостанай арқылы самолетпен ұшатынбыз. Сол кезде осы үйге талай түскенмін, өзіміздің үй секілді еркін сезінетін едік. Оның үстіне әкем Әулиекөлде имам болып тұрған уақытында Айекеңнің туған ағасы Жақыпбекпен көрші тұрдық, үлкен діндар адам еді. Жәкеңнің баласы Қазымбек ағай бізге математикадан сабақ берген еді.
Айекеңді аға дейтін едім, себебі менің әкемнің ол кісіден едәуір үлкендігі бар еді.
Айекең ағамыз өте алғыр, пысық, көпшіл адам еді.
Ол кезде Қостанайда қазақтар шамалы, негізінен орыстар тұратын. Солай бола тұрса да, Айекең ағамыздың оларды мойындататын қасиеті болатын. Қалай дегенде де басқа ұлт өкілдері Айекең ағаның сөзін жерге тастамайтын, дін жолындағы адам деп қатты құрметтейтін. Партияның қылышынан қан тамып тұрған кезінің өзінде, Айекең аға қала халқын имандылыққа үйретіп, өзі имам болды.
Менің әкеммен араласып дүниеден өткенше байланысын үзген емес. Үнемі хат арқылы хабарласып отыратын. Мен институтты бітіріп, диплом алып, үйленіп келе жатқанда Қостанайға поезбен келіп, қосағым Бақытжамалдың келін болып алғаш аттаған босағасы осы Айекең ағаның үйі еді. Айекең аға ақ батасын беріп, құтты болсын айтқаны да әлі есімде. Не деген бауырмалдық, сыйластық десеңізші! Кейде көп нәрсеге назар аудара бермейміз ғой. Кейіннен ойға түскенде ғана толғанасың.
Елден келген ағайынды құшақ жая қарсы алып, жатып жастық, иіліп төсек болып жүрген сол қара үйдің босағасында үлкен кие бар екендігін енді түсініп жүргендейміз.
Айекең ағамыздың құт-мекені, киелі босағасының кейінгі ұрпағы үшін керегесі кең, шаңырағы биік, береке-бірлігі мол, іші шаттықа толы болсын деп тілейік, ағайын.
Сұлтанғали Әлмағамбетұлы.
"Балаларыма батасы тисе болғаны"
Облыстық газетте біраздан бергі бір жарияланым легі маған қатты әсер етті. Ол облыс өңірінде иманды, адамгершілік асыл қасиетімен ел-жұрттың алғыс-абыройына бөленген Аймағамбет молда туралы. Әттең, көзі тірісінде биліктегі иманды іштей мақұлдағанымен, оң қабақ танытпады. Әйтпесе, ол кісінің Қостанай, Торғай жұртына істеген жақсылығын, имандылық жолындағы ақадал қызметін көзкөргендер күні бүгінге дейін жүректен өткізе еске алады, аңыз етеді.
12 жасымда белгісіз бір қатты аурумен ауырдым. Ауыл алыста, дәрігер жоқ.. Әке-шешем мал бағады. Жағдайым күн өткен сайын нашарлай берген соң, ессіз жатқан мені әкем Қостанайға әкелді. Немере ағасының үйіне барған бізді олар салқын қабақпен қарсы алды. Тіпті менің ауруымнан жиіркеніп төсек те салып бермеді. Туысқанның қылығына ашуланған әкем ертеңіне мені таксимен Аймағанбет молданың үйіне апарды. Ол кісі үй-ішімен бауырмал адамдар екен, жылы қабылдады. Бір күн түнегесін, келесі күні Толстой көшесіндегі ауруханаға апарып жатқызды. Мен осында бір жылдай емделдім. Сол кезде де кейін Шымкенттегі санаторийде емделгенде де Аймағанбет молда өзі емдетіп, жанымда болды.
Денсаулығым түзелген соң, мектеп қабылдамаған соң Аймағамбет атаның көмегімен Меңдіқарадағы арнайы мектеп-интернатта білім алдым. Қыстың күндері ауылға жете алмағанда да үнемі Кәрі жездемнің (Аймағанбет атаның әйелі бізбен рулас, сондықтан ол кісіні осылай атайтынбыз) үйіне тоқтайтынмын. Сонда бай-қағаным, қазаны оттан түспеген нағыз қазақтың отбасы екен. Жалғыз сиырының сүтінен келуші меймандарға деп көже дайындататын. Үйінен кісі үзілмейді. Келіні Жібек пен ұлы Боранбай да жүзінен иманы төгілген жандар болатын. Апамыз (кемпірі) бен Кәрі жездеміз намаз оқиды.Торғай, Науырзымнан келушілер көп еді. Әлі есімде, Шайхы деген желаяқ кісі болды. Айекеңнің үйіне келген сайын көзім көрмейді деген соң ылғи жаңа көзілдірік сатып әперетін. Ал алдыңғы әпергенім қайда дегенде, тозып қалды дейтін марқұм. Мұқтаж, кембағал кісілерге сен кімсің деп тергеп-талғап жатпастан қолдан келген көмегін аяған емес. Олардың бәріне де ақысы-пұлсыз жасайтын. Шамалы болса да ақысын алмайсыз ба деген ағайындарға: "Балаларыма батасы тисе болғаны" – дегені есімде.
Қазір менің жасым 63-те. Балалы-шағалы болдым. Оқуды бітірген соң тігін фабрикасында жұмыс істедім. Осы жасқа жетіп, өмірдің қызығын көруім, бірінші – Алланың арқасы болса, екінші – Аймағанбет молданың арқасы. Аруағы разы болсын!
Жаңылсын Қасыбаева,
зейнеткер.
Қостанай қаласы.
Қазымбек қажы Спантегі
Кісілігі зор еді
Мен Аймағанбет молданың ағасы Жақыпбектен тараймын. Аталарымыздың шежіресіне қарасам, арғы тегіміз Үмбетей ішіндегі Баршын. Баршыннан: Ысқақ, Спан, Жікен болып өрбиді. Ысқақтан: Жаңыл, Дәмелі, Жікеннен: Қамза, ал Спаннан Дыбыс апай, Жақыпбек әкем, Аймағанбет ағай туады.
Байырғы қонысымыз қазіргі Жангелдин ауданының Ақкөл ауылы. Қай жылы екені белгісіз, Үмбетейге қараған әулеттің бір бөлігі Әулиекөл ауданының Бірінші май (Первомай) ауылына қоныстаныппыз.
Қостанай қалалық азаматтық хал актілерін жазу бөлімінің құжаты бойынша туған жылым 1930 жылғы 23 қазан. Әкем мен ес білмей, итжеккенге айдалған екен, ол жақтан 1937 жылы қазан айында оралды. Ал менің жадымда анамның бейнесі де қалмапты, ол кісі дүниеден ерте өтті.
Балалық шақта көп қиындықтар көріп жүріп, Қостанайда тұратын әкемнің інісі Аймағанбеттің қолына келдім. Ол кісі Бесінші Желтоқсан көшесі №1 мекенжайдағы жер кепеде тұрды. Өзім кішкентай болсам да, Аймағанбет ағайымның баласын бақтым. Ол кезде қазіргі Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балалар мектебі Жамбыл атында болатын және оқушыларды бірінші сыныпқа сегіз жастан қабылдайтын. Ал мен молда ағайымның ықпалымен жеті жаста мектепке қабылдандым. Балалық қуанышты сәттерім сол мектепте өтті.
Аймағанбет ағайымның молдалығында шек жоқ еді. Ол кісінің жасаған жақсылықтары мен қайырымы туралы газетте жазылып жатыр. Ел арасында сақталған әңгімелер әлі де көп болу керек. Себебі, Аймағанбет ағай қаладан гөрі сыртта көп жүреді, әсіресе, Амангелді, Торғайға жиі баратын. Оның Қостанай төңірегінде араламаған жері қалмаған шығар. Өте туысшыл, намысқор, білімді, діншіл болды. Қайда барса да оны ешкім жатсынбады.
Осы орайда мен де білгенімді айтып қалайын. Бұл шамамен 1946 жыл-ға дейін болған оқиға. Сол заманда Науырзым ауданының "Қарамайшы" ауылынан шыққан елге танымал Нүркей деген қажы болды. Ол кісі молда ағайға үнемі келіп жүрді. Қателеспесем Аймағанбет сол Нүркей қажыға қаражат беріп, екінші жыл тағы да өз атынан бәделқажылықты орындап келуге өтініш жасапты. Оны біз бала кезде біле бермейміз. Сөйтіп Нүркей қажы Спантегі Аймағанбет атынан қажылық тәсілін орындап қайтады. Тек Нүркей қажының Меккеден келіп, зәмзәм суын әкеліп, бәрімізге ас қасықпен ішкізгені есімде.
Тағы да бір білерім, саяси қуғынның құрбаны болған марқұмдардың көбін Аймағанбет молда Қостанайдың ортасындағы зиратқа жерлеген. Қазір "менің әкемді, атамды, туысымды Аймағанбет молда арулап жерлеген" деген адамдар көп ұшырасады.
Аймағанбет ағай балаларына үнемі "үйге кім келсе де, түрі мен киіміне қарамай, ықыласпен қарсы алып, қазаныңды көтер, шайыңды қой, алдына барыңды тос" деп отыратын. Бұл да ол кісінің білімділігімен қатар қарапайым, адал екенін әйгілеп тұр ғой. Ал ағайымыз өз аяғымен бара алмаған қажылық сапарын орындауды Алла кейінгі бізге нәсіп еткен екен.
Жазылғанның бәрі рас
Аймағамбет молда туралы білетінімді айтқым келеді. Өйткені, ол кісі газеттеріңізде жазылғандай, елдің алғысына бөлеген, кезінде мұсылман жұртына аса қадірлі кісі болатын.
Айекенді 1956 жылдан бері білемін. Ол кісі шешеме туыс болады. 1956 жылы Қостанайда 3 айлық автомеханикке осы кісінің үйінде жатып оқыдым.
Айекең үйінде үш ай жатқанда көргенім: күн сайын облыстың шалғай қиырындағы ауылдардан келетін адамдар үзілмейтін. Күнде құран оқылып, дұға қылып жатады.
Жақыпбек пен Аймағамбеттің туған жері бұрынғы Науырзым "Сыпсың" деп аталған, оны Айекеңнен естігенім бар. Жақыпбектің де молдалығы күшті еді. Ол кісі дұға оқып, тұмар беретін еді. Менің бір балама берген тұмары әлі күнге дейін бар.
Біз Аманқарағайда тұрғанда ылғай да қарындасым Ақажанның амандығын біле кетейін деп келіп жүретін. Мен 1956 жылы Науырзым ауданына көшіп бардым, сотқа қызметке орналасып сонда да келіп жүрді.
Газетте жазылғандардың бәрі рас. Естіулеріңіз бар шығар, 1952-1957 жылдары қазіргі атауы "Өлеңді", ("Соснов" совхозы, Науырзым ауданы) сонда Шайқы Қайырбек деген кісі болған. Ол кісінің аты болса ісі де шайқы сияқты. Киген киімі ақ көйлек, ақ дамбал, басында төбетей. Қыста да жазда да қолында таяқ. Біздің үйде де бірнеше болған, шешем Ақажанды "Шәкештің қызы – қарындасым" дейтін еді. Оқып жүргенде Әулиекөлде, жаз күндері мектептің қасына келіп, ақ дөненімен шауып жүретін. Сондай бір шауып жүргенде Әулиекөлдегі милиция бастығы Шеремет дегенді жолда қуып жетіп, басып озып кете барады. Шеремет пистолетпен атады. Шайқы Қайырбек пистолеттің оғын қағып алып Шереметті тоқтатып, оқты береді де, өзі кете береді. Осы кісі Аймағанбет молданың көп шапағатын көрді. Не нәрсеге мұқтаж болса, алдымен сол үйге жетіп келетін.
Кешегі өткен қуғын-сүргін заманында менің әкем Бірәлі молда екен. Қуғын бастала бергенде жолдастарымен Торсан, Баян, Ахметтермен елден көшіп кетіп, Қарасу ауданына барып жұмысқа орналасты.Барған совхоздың атын ұмытып қалдым. Бір анығы – Черняевский селолық Советі деген. Содан үкімет дұрыстала басталған елге қайтып оралған. Елге келген соң 1946 жылы Әулиекөл ауданындағы Дүзбай ауылында қайтыс болған.
Міне Қылышынан қам тамып тұрған кеңес заманда имандылық, мұсылмандығын ашық өмір салтына айналдырған қаһарман кісі осы еді.
Төлеген Елеусізов.
Қостанай қаласы,
"Дружба" ауылы.