Ұлттық-мәдени орталық басшылары марапатталды

Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Нұралы Садуақасов этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары және облыстық Ассамблеяның мүшелерімен кездесті.

Бұл кездесуде этносаралық келісім мен конфессияаралық татулық, ынтымақ пен бірлік, жалпы қоғамдағы ауызбіршілік туралы сөз болды. Жиналғандар толеранттылықтың қазақстандық үлгісін одан әрі насихаттап, ұлы достық туралы жастарға кеңірек түсіндірсек деген ойларын ортаға салды.

– Татулық пен тұрақтылықтың қаншалықты маңызды екені баршаға аян. Сондықтан Бірлік күні біз үшін маңызы зор мереке. Қазақстан – көп этносты мемлекет. Біздің мақсат-міндетіміз бір. Яғни, әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу бәрімізге ортақ іс. Мемлекетіміздің экономикасын дамытуда бейбітшілік пен келісім маңызды рөл атқарады. Елбасының бастамасымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып белгіленді. Оған дайындықты қазірден бастау керек, – деді облыс әкімі Н.Садуақасов.

Кездесуге жиналғандар этно-мәдени орталықтардың жұмысын одан әрі жандандыруға қа-тысты өз ойларымен бөлісті. “Крыніца” белорус ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Леонид Шевченко “Этно-мәдени орталықтардың тарихын фотосуреттермен безендіріп, кітап етіп шығарсақ”, – деді. Сондай-ақ мәдени, рухани бағыттағы жұмыстарға көңіл бөліп, жастардың тәрбиесіне баса назар аударайық деген ойлар да айтылды.

Іс-шараның соңында этнос-аралық келісімді нығайтуға және сақтауға үлес қосқаны үшін “Эребуни” армян орталығының төр-ағасы А.Абрамян мен әзірбайжан орталығы төрағасының орынбасары Е.Юсифов “Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалімен марапатталды. “ССКӨБ” АҚ бөлім жетекшісі Д.Гусак, Ассамблеяның облыстық бөлімшесінің ғылыми-сараптау тобының мүшесі Қ.Жақып, “Возрождение” неміс орталығы төрағасының орынбасары Е.Шик Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасына ие болды. Грек мәдени орталығының төрағасы И.Мармалиди, корей орталығы төрағасының орынбасары Л.Нам, татар-башқұрт орталығының төрағасы Т.Хакимоваға Алғыс хаттар ұсынылды. Сондай-ақ этно-мәдени орталық төрағаларының әрқайсысына облыс әкімінің гранттары тапсырылды.

Қымбат

ДОСЖАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓