Татулық пен тұрақтылықты ту еткен
Қазақ қашаннан бауырмал халық қой. Әр уақытта елімізден пана іздеп келген жат жұрттардың бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері көпұлтты мемлекет болып шыға келді. Бүгінде елімізде жүз қырыққа жуық түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Елбасымыздың сындарлы саясаты мен қолдауының арқасында олардың да өз тілін, дінін, салт-дәстүрін жаңғыртып, дәріптеуіне мол мүмкіндік берілген. Президенттің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының да еліміздегі ұлтаралық келісім мен татулықты, мәдениет-аралық, дінаралық рухани жарасымды дамытудағы мән-маңызы орасан зор. Бүгінде еліміздің әр өңірінде шоғырланған түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық-мәдени орталықтары да бар. Біздің Қостанай жеріндегі татар халқы да өздерінің қоғамдық жұмыстарын сонау тоқсаныншы жылдары, яғни еліміз тәуелсіздік алған тұста бастаған еді. Сөйтіп, 1995 жылы өңірде “Дуслык” татар-башқұрт орталығы құрылды. Оның ашылуына марқұм Закия Мухсинованың ерекше еңбек сіңіргенін айта кеткеніміз жөн. Бүгінде кейінгі ұрпаққа тіл мен салт-дәстүрді үйрету мақсатында құрылған орталықтың мүшелері өңірдегі өзге халықтармен арадағы татулық қарым-қатынасты дамытуды да басты мақсаттары санайды.
Дерек көздеріне сүйенсек, сонау 1926 жылы Қостанай жерінде небәрі төрт мыңнан астам татар халқы өмір сүрген көрінеді. Ал, осы күні облыс бойынша жиырма мыңға жуық татар мен баш-құрттар бар екен, соның ішінде бес мыңы облыс орталығында тұрады. Ал, “Дуслык” мәдени-ұлттық орталығы олардың бас қосатын рухани орталығы десе де болады.
– Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең басты байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады. Кеше ғана елордада өткен Ассамблеяның 21-ші сессиясында да осы татулық пен тұрақтылық жайында сөз болған еді. Жалпы, Қазақ жеріндегі өзге ұлт өкілдерінің ұрпағының тамырын терең жаюына жол ашылған, бұған Елбасымыздың өзі бас болып қолдау көрсетуде. Сондықтан, біз де өткен тарихымызды сақтай отырып, ортақ отанымыз Қазақстанда татулық пен тұрақтылықтың мәңгілік сақталуына өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бұл тұрғыда аянбай тер төгіп жатырмыз деп те айта аламын, – дейді “Дуслык” ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Танзиля Хакимова.
Жалпы, татарлар ең ежелгі түркі халықтарының бірі ғой, сондықтан оның тарихы да өте бай әрі ерекше. Сан ғасырлық жазба әдебиеті мен мыңдаған жылдық музыка дәстүрі де бүгінгі татарлар мақтан тұтатын көп жетістіктің бірі. Орталық мүшелері облыс орталығында өтетін түрлі мәдени іс-шараларға да біркісідей атсалысып отырады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың ақпан айында олар белгілі татар аспазшысы Юнус Ахметзяновтың туған күніне орай ұлттық асханалық көрме ұйымдастырса, жақында атақты татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың 128 жылдығына байланысты арнайы іс-шара өткізуді де жоспарлап отыр. Сондай-ақ, татарлар биылғы наурыз мейрамын да ерекше сән-салтанатымен атап өтті. Орталық мүшелері өздерінің ұлттық мейрамы “Сабантойды” да жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдырған. Түрлі спорттық ойындар мен сайыстарға, концерттік бағдарламаларға толы бұл шараның қызығы да мол. “Өлі разы болмай, тірі байымайды” демекші, орталықтағылар жылдың әр көктемінде сенбі күндері мұсылман қорымдарында тазалық өткізіп, зираттарды күл-қоқыстардан тазартып, тәртіпке келтіруді де ұмыт-қан емес. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақ. Алдағы уақыттар да орталық ұжымы түрлі айтулы даталарға сай бірнеше концерттік бағдарламалар өткізетін болады.
– Жалпы, облыс орталығында тұрып жатқан татарлардың арасында жиырмадан астам тыл ардагері бар. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында сол ардагерлеріміздің басын қосып, мерекелік дастарқан жайып, ол кісілерге сый-құрмет көрсететін боламыз. Алда сабантой, нардуган сияқты өзіміздің ұлттық мейрамдарымыз келе жатыр, оған да қазірден бастап дайындалып жатырмыз. Барша мұсылман жамағатының ораза, айт тәрізді мейрамдары мен рухани келісім күндерін де атап өтуді ұмытқан емеспіз. Жалпы, облыс орталығында өтетін кез келген мәдени іс-шаралардан қалыс қалып жат-қан жоқпыз, – дейді орталықтың төрайымы Танзиля Рашит-қызы.
“Дуслыктың” мүшелері жалғыз мұсылман жамағатының мейрамдарын ғана атап өтпей, өзге ұлттардың да орталықтарымен, кітапхана, мұражайлармен де тығыз қатынаста болып, түрлі шараларды өткізуге де өз үлестерін қосып жүр. Келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне де орталық мүшелері ерекше дайындықпен атсалыспақ.
Айтпақшы, өздерін Қазақстан халқы Ассамблеясымен құрдас санайтын орталық мүшелері келер жылы 20 жылдық мерейтойларын да атап өткелі отыр, ал оған дайындық жұмыстарын қа-зірден қолға алған көрінеді.
Қарлығаш
ОСПАНОВА