Жеткіншекке сыра сатқан
Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 54 жастағы қала тұрғынына қатысты істі қарады. Ол "Алкоголь өнімін сатуда ҚР заңнамасы талаптарын бұзу" бабы бойынша айыпталды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлайды. 3 қаңтар күні шамамен сағат 17.00-де Бородин көшесінде орналасқан "Тілек" дүкеніндегі сатушы әйел кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншекке бір шөлмек сыра сатқан.
"Азамат А. сот отырысында кінәсін мойындады. Сот оның 21 жасқа толмаған балаға алкогольдік ішімдік сатқанын дәлелдеді. Осылайша, жеке кәсіпкер А. айыпкер деп танылды", – делінеді сот хабарламасында.
Оған 28 АЕК (67340 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, 1 ай мерзімге дейін алкоголь өнімін саудалауға шектеу қойылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.