Қостанайда IT-технология мектебі ашылмақ
2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қостанайда IT-технология мектебі ашылмақ. Бұл туралы бүгін Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылау барысында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев мәлімдеді.Облыс әкімінің орынбасары биылғы Жолдаудың маңыздылығына тоқтала келе, өңірдің білім саласындағы жетістіктерін атап өтті.
«Елбасы индустрияландыру, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, қаржы секторы, IT-технологиялар салалары туралы жан-жақты түсіндіріп берді. Сондай-ақ, Жолдауда адам капиталын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Соның ішінде денсаулық сақтау және білім беру сапасын арттыруға басымдық берілген. Елбасы қойған негізгі мақсат – бәсекеге қабілетті, үш тілді меңгерген, озық ойлы жас ұрпақ қалыптастыру. Осы мақсатта Қостанай облысында да түрлі бастамалар қолға алынды. Мектептердің 87 пайызы мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқушылардың ғаламторға шығу мүкіндігі 98,8% құрап отыр. Тағы бір жаңалық облыста тұңғыш рет IT-технология мектебі ашылғалы отыр», – деп атап өтті Марат Жүндібаев.
Жалпы алғанда, энергетика министрлігінің сараптамалық тобы «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған 105 шетелдік және 28 отандық технологияны іріктеп алған. Әкімдіктер жұмысқа енгізу үшін 40 технологияны, ұлттық компаниялар 15-ін іріктеп алды.
Сонымен, IT-технология мектебі 1 қыркүйектен бастап пайдалануға беріледі. Ол «Озат» дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының базасында құрылады. Сабақтардың дені ағылшын тілінде өтеді.
«Оқушылар 3D үлгілер жасау, сайт әзірлеу, WEB-қосымшалар мен анимациялық бағдарламаларды меңгеруге мүмкіндік алады. Біз бұл мектепке облыстан шалғай орналасқан ауылдардан балаларды да тартамыз»,- деді Жүндібаев.
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, биыл облыстың IT-технология саласын дамытуға 500 млн теңге бөлінбек.