БАЙҒАБЫЛДЫҚТАРДЫҢ БАСТАМАСЫ
Аманкелді ауданы, Байғабыл ауылындағы А.Нұрманов атындағы орта мектебінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерге байланысты ауылдық ақылдастар алқасы мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп түлектерінің 1 форумы өтті.
Көптен күткен кездесу
Форумға аудан әкімі Нұржан Өтегенов бастаған аудан активі және еліміздегі университеттер мен институттардың, колледждердің басшылары мен білікті мамандары және мектеп оқушылары қатысты. Форум жұмысын Байғабыл ауылының түлегі, зейнеткер Сайлау Сәйділдин жүргізіп отырды.
Аудан басшысы ауданымызда тұңғыш рет өтіп отырған мектеп түлектерінің форумына қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар, түлектердің көбі білім беру, медицина, экономика және құқық қорғау, салаларында оқитынын, алайда, техникалық, кәсіптік және жол, көлік салаларына сирек баратынын, алдағы уақытта мамандық таңдаған кезде түлектер осы айтылған салаларға көптеп баруы керектігін айтты.
С.Сейфуллин атындағы аграрлық университет деканы орынбасары Сәпия Тәжікеноваға өз сөзінде аталмыш университеттің бүгінгі таңдағы атқарып отырған жұмысына тоқталды. Түлектерді университеттің жағдайымен толық таныстырып, егер осы университетке оқуға түскісі келетін түлектер болса, оларға тиісті көмектер жасайтынын айтты.
Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университеттің оқытушысы, ғылым кандидаты Сәжилә Нұржанова түлектерді өзі қызмет істейтін университетке оқуға келуге шақырды. Ол да өзі қызмет істейтін университеттің қазіргі күнгі хал-ахуалына жан-жақты тоқталды.
Мұнан соң Арқалық аймақтық жол басқармасының басшысы Есен Амантаев сөз алып, 1-ші форумға қатысып отырған түлектерге жол, көлік саласының қыр-сырына үңілді.
– Жалпы, елімізде жолдың бірнеше түрі бар. Атап айтар болсақ: әуе жолы, темір жолы, автомобиль жолдары. Осының үшеуі де ең керекті мамандықтар деп есептеймін. Соңғы жылдары ауданымыздан темір жол мамандарының қатары түзіле бастады. Автомобиль жолдары маманы әрине, аз емес, бірақ әуе жолы мамандығын меңгергендер өте аз. Сондықтан мен бүгін түлектерге әуе жолы мамандығын алуға талаптансаңдар дұрыс болар еді деймін. Өз басым бала күнімде ұшқыш болсам деп армандадым. Бірақ тағдыр мені әуе жолы емес, автомобиль жолдарының маманы қылды. Сондықтан, тағы бір айтарым түлектеріміздің ортасынан осы 3 жолдың мамандары шықса деп тілеймін, – деді ол.
Ресей техникалық ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының жаратылыстану ғылымының академигі, ҚР еңбек сіңірген металлургі Серік Садықов өз саласы бойынша тұщымды пікірлерін ортаға салды.
– Мен кәсіби метталлургпын. Осы мамандықты таңдауыма Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы және көршіміз әрі әкемнің досы Өзбекәлі Жәнібековтің ықпалы болды. Әуелде мен ұшқыш болуды армандаған едім. Бірақ, Өз-аға маған «Сен әкеңнің жолын жалғастыр» деді. Сөйтіп мен 38 жылдан бері металлургия саласында жұмыс жасап келемін. Еңбек жолымды Жезқазғанда бастадым. Әкем мені қолымнан жетектеп, Жезқазғанға алып келіп, жұмысқа орналасқаннан кейін қолыма 80 сом ақша берді. «Серік, бұл саған менің ең соңғы берген ақшам деп біл! Енді өз күніңді өзің көресің», – деді. Мен әкемнің көзінен маған деген ризалығын айтпай сезіп, жан-тәнімді салып жұмыс жасадым. КСРО кезінде одақтас республикалардың дербес дамуына жол берілмесе, қазір барлық мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан қазақ жастары металлургияға барғандары жөн. Бұл –ешқашан жоғалмайтын мамандық, – деді.
Астана қаласындағы «Билайн» тобының қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Мұрат Тасжанов:
– Мен де Байғабыл орта мектебін бітірдім. Біз көп бала едік. Сондықтан мен ата-анама күш түсірмеу үшін сырттай оқуды қаладым. Өз бетіммен ізденіп, талпыныстар жасадым. Нәтижесінде, қатарымнан кем қалмай, білім алып, Амантоғай ауданында жұмыс жасадым. Одан соң аудан жабылғаннан кейін Астанаға баруыма тура келді. Мен бала күнімнен физика, математика пәндерін жақсы оқыдым. АТС саласында 11 жыл қызмет істедім. Айтайын дегенім, балалар алдына мақсат қойса, соны орындауға талпынса, дегеніне жетеді. Ең алдымен мақсат қою керек. Мақсат болмаса, мамандық таңдау қиынға түседі. Бірнеше тілді білген дұрыс. – деді.
Байғабыл ауылының түлегі, осы форумды ұйымдастырушы, кезінде Аманкелді ауданы мен Арқалық қаласын басқарған Жомарт Түбекбайұлы да өзінің өмір жолы туралы әңгімеледі.
– Құрметті форумға қатысушылар, сіздердің барлығыңызға шақыруымызды қабыл алып келгендеріңізге алғыс айтамын. Мен 1979 жылы 8 сыныпты Байғабыл ауылында бітіріп, Торғай совхоз-техникумының бухгалтерлік бөліміне оқуға түстім. Мен институтты сырттай бітірдім. Шындығында балалардың бірден жоғары оқу орнына бармай-ақ, колледждерде білім алып, институтты одан кейін жалғастырғаны дұрыс болады деп есептеймін. Өмірлік тәжірибем бойынша айтып отырмын. Торғай техникумында бізге Мұхтар Әлиакбаров деген кісі сабақ берді. Осы кісінің берген білімі өмірлік ұстанымымызды айқындады. Соның арқасы болар, қатардағы экономисттен аудан, қала басшысына дейінгі жолдан өттім. Менің де айтарым, балалар, мамандық таңдар кезде қателеспеу керек. Бұл – басты мәселе. Әркім өзінің жүрегі қалаған мамандықты тез меңгереді. Түлектер осы қағиданы мықтап ескеруі керек деп ойлаймын. Мен еліміздің бірнеше күрделі құрылыстарын салуға қатыстым. Ол ісімізге Елбасымыздың өзі жоғары баға берді. Сондықтан, түлектерге тағы бір айтарым: әрдайым білім мен тәжірибе жинақтауға ұмтылатын болыңдар, сонда бәрі жақсы болады! – деді ол.
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Көкшетау облыстық филармониясының солисі Ғазиза Жүмекенова да туған жері, ән өнері туралы тебірене сөйледі.
– Мен де осы ауылдың тумасымын, Байғабыл мектебінің түлегімін. Мамандықты мен үшін әкем марқұм таңдады. Қолымнан ұстап өзі оқыған Меңдіқара педучилищесіне түсірді. Оны бітіріп келген соң мұғалім болып істеп жүрдім. Ауданда, облыста өтетін байқауларға қатысып, әнші атандым. Сөйтіп жүргенде мені сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің арқасында алыстағы ауылдан облыстағы өнер ошағына бірден келдім. Жолым ашылды. Елге кеңінен танылдым. Бағымды ашқан Еркін ағайдың сол сөзін ешқашан ұмытпаймын! – деді.
Форумда зейнеткер, ел ағасы, Ақмола облысының Макин ауданынан келген жерлесіміз Қ.Сарманов, Арқалық қалалық кітапханасының қызметкері А.Нұрманова, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің директоры С.Алматова, Қостанай құрылыс колледжінің директоры А.Шамшин, Арқалық медицина колледжі тарих пәнінің мұғалімі Қ.Әлімғазина, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық пединститутынан К.Иманқұлов, Торғай агротехникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Исмаилова, Қазтұтынушылар Одағы Арқалық көпсалалы колледжінің директоры С.Саржанов, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің докторанты М.Оспанбекова, «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Қ.Қойшымановтар сөз сөйлеп, өздерінің өмірлік іс-тәжірибелерімен бөлісті. Осы кісілердің ортасынан Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің директоры С.Алматова түлектердің алғашқы форумын өткізуді ұйымдастырған ауылдық ақылдастар алқасының жетекшісі Ж.Түбекбайұлына колледж ұжымы атынан Алғыс хат және ескерткіш сыйлық тапсырды.
Түлектер тәжірибесі
Форумға қатысушылар «Металлургия және техникалық саладағы мамандықтар» (жетекшісі С.Садықов), «Медицина сала-сындағы мамандықтар» (жетекшісі Қ.Бейсенов), «Өнер, журналистика саласындағы мамандықтар» (жетекшілері А.Нұрманова, Ә.Жапарова, Қ.Қойшыманов), «Білім және ғылым, экономика, қаржы, бизнес және менеджмент саласындағы мамандықтар» (жетекшілері С.Нұржанова, С.Бейсенов, С.Тәжікенова), «Транспорт, жол инфрақұрылымдық құрылыс, телекоммуникация, радиотехника саласы бойынша мамандықтар» (жетекшілері Е.Амантаев, Ж.Түбекбаев, Қ.Сарманов) 5 секцияда жұмыс істеді. Оқушылар өздерінің көкейіндегі сұрақтарына жауап алды.
Секция жұмыстарының басы-қасында ауыл әкімі Рауан Әбішев жүрді. А.Нұрманов орта мектебінің директоры Қуандық Шоңғаловтың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да өтпек.
– Бірлік болған жерде, ынтымақ дарыған ортада алынбайтын қамал жоқ. Ел үшін қызмет істеуге дайынбыз. Осы сипаттағы шараларды өткізуге мектеп базасы дайын, – деді ол.
Форум соңына таман жоғарғы және арнаулы кәсіптік білім беретін оқу орындарының тұсаукесерлері өткізілді. Онда Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық пединституты, Қостанай құрылыс колледжі, Арқалық медицина колледжі, Н.Құлжанов атындағы Торғай гуманитарлық колледжі, Торғай агротехникалық колледжі, Қазақ тұтынушылар Одағы Арқалық көпсалалы колледжі, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұстаздары сөз сөйлеп, түлектермен кең көлемде пікір алысты.
Секцияларда және тұсаукесерлерде мәселелерді талқылауға түлектер белсене қатысты. Оның үстіне үзілістердегі кофе-брейктер кезінде оқушылар спикерлермен кеңесіп жатты.
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ