Жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

Облыстық ішкі саясат басқармасы өткен жылдан бері бірталай әдеби кештер ұйымдастырып, бұқара халықтың назарын кітап оқуға  аударып келеді. Бұл игі істі басқарма басшысы Жанділдә Мақанов неліктен қолға алғанын біз бұған дейінгі жазғандарымызда айтқан едік.
IMG_0950"Достық үйінде" өткен бұл жолғы басқосуды белгілі қаламгер, өлкетанушы ғалым Қуаныш Ормановтың "Ел мен жер және тұлғалар тарихы" кітабының тұсаукесеріне арнады. Аталған еңбектің жарыққа шыққаны туралы  газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Сондықтан бұған егжей-тегжейлі тоқталуды жөн көрмедік.
Жүздесуді өзі жүргізіп отырған Жанділдә Мақанов әңгіменің басын "Қостанай таңы" газеті туралы бастады.
– Бүгін  барлығымыз  үшін  тарихи  күн, – деді  басқарма басшысы. – Себебі, ата-басылым – "Қостанай таңы" газеті тұңғыш рет өз тарихында көлемді болып, 24 беттік жарияланыммен "Қостанай ақшамы" қосымшасы жарыққа шықты. Осы еңбектері үшін газет ұжымын құттықтап қоюға әбден болады.
Сол сәтте мәжіліске жиналған жұрт мәре-сәре болып, тың жаңалыққа ризашылық танытты. Содан кейін Жанділдә Мақанов сөзін қайта жалғап:
– Расында да өңірдегі қазақ қауымы үшін, оның ішінде көзіқарақты Сіздердей оқырман әрі автор үшін бұл жағымды жаңалық. Бүгінгі Қоқаңның – Қуаныш Орманов ағамыздың кітабының тұсаукесерінде мұны айту қажет-ақ. Өйткені, Қуаныш Орманов бұл газеттің тұрақты авторларының бірі һәм жанашыры.
Мұхаң (Мұхамеджан Сералин – автор) мен Би-Ағаң (Бейімбет Майлин – автор)негізін қалап кеткен "Қостанай таңы" басылымы кітапқұмар жандар мен газет оқырмандарынан уақытында сүйінші сұрап, Қуаныш Орманов ағамыздың қолдарыңыздағы кітабы жайында тұщымды мақала жазып, мазмұны туралы кеңінен әңгімелеген-ді, – деп, әрі қарай сөз кезегін қонақтарға берді. Ақын, ғалым Серікбай Оспанов пен Ақылбек Шаяхмет, оқытушы-ғалым Эльмира Наурызбаева, Қалқаман Жақып, Қуаныш Ормановтың замандасы, досы Бақытжан Сағындықов сөз сөйлеп, тағылым ой айтты.
Серікбай Оспанов Қуаныш Ормановпен жоғары оқу орнында бірге оқығандығын, сол кезден бастап оның өлке тарихына назар аудара бастағанын, автордың жаңа кітабын оқып, бірнеше қызықты тарихи деректерге қаныққанын, әлде де жер-су аттарын зерделей түсіп, осы кітаптың жалғаса беруін, оның ұрпаққа берер пайдасы зор болатындығын айтса, Ақылбек Шаяхмет автормен кіндік қандары Жітіқара жерінде тамған жерлес екенін, ел, жер тарихын зерттегенде  Қуаныш Ормановтың тарихқа жіті назар аударатындығын баяндай келіп, өңірдегі кейбір аудандардың Денисовтың – Түйемойнақ, Таранның – Әйет, Тобыл, Рудныйдың – Сарыбай тарихи атаулары неге қайтарылмай жатқандығына тоқталып, кітаптағы кейбір әріп қателерінің барынан ба, әлде солай жазылғандығынан ба, Әйет туралы айтылғанда бас жағында дұрыс жазылып, соңына қарай "Аят" боп кеткендігін әңгімеледі.
Бұдан кейін Эльмира Наурызбаева жоғары оқу орындарында өлкетану тарихына байланысты Қуаныш Ормановтың еңбектері оқылып жатқандығын айтса, Қалқаман Жақып бұл еңбектің келер ұрпаққа берер тағылымдылығына, мағлұматы молдығын, автор әлде де мұрағатты тереңнен қазбалап қопарып, тағы да ғылыми еңбек тудырса деген ниетін жеткізсе, Бақытжан Сағындықов автордың ерінбей, жалықпайтын еңбекқорлығын баяндады.
Содан соң Жанділдә Мақанов автордың бұл еңбегі қазір үлкен сұранысқа ие болып жатқандығын, соны ескере отырып қолда қалған таралымды мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін сақтап қойғандығын, сәтін салса, бұл ғылыми еңбектің орыс тіліндегі нұсқасы жарық көретіндігін жеткізді.
Нұрболат
          МЕШІТБАЕВ
СУРЕТТЕ: кітаптың тұсаукесерінен көрініс.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓