Сазгер Қайрат Нұрғазин дүние салды

Өмір – шолақ, жан – кеудеде қонған уақытша қонақ екен. Тобыл-Торғай жұртшылығы киелі өнердің бір мұзбалағынан айырылды. Сонау тоқсаныншы жылдардың басынан әр қазақтың жүрегінде жатталған «Қыздарға әсемдік жарасады» деп басталатын әннің авторы, белгілі әнші-сазгер Қайрат Нұрғазин дүниеден өтті деген суыт хабар жетті, ағайын…нургазин
 «Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Уақытысы жеткенде,
Құйрығы суда тұрса да,
             Құрғамайтын құрақ жоқ», –
деген бабалар сөзі ажал-садақтың жас-кәріні таңдамайтынын тағы бір мәрте көрсетіп отыр.
Қайрат Нұрғазин – құлаққа жағымды, жылы естілетін нәзік, биязы даусымен тыңдарман жүрегін жаулап алған дарын иесі. Жүздеген ән жазды да, дегенмен жалғыз ғана шығармасымен сонау 1993 жылы көпшіліктің көзайымына айналды. Бұл сол жоғарыда айтқан – «Арман жырым – аруларым»,  республикалық «Үкілі үміт» ән байқауында бас жүлдені жеңіп алып, жас сазгердің қанатына күш берген шығарма. Жергілікті ақындардың барлығына дерлік, одан қалды Қ.Мырза-Әлі, Т.Молдағалиев, И.Сапарбай қатарлы шайырлардың сөздеріне жазылған әндері әрдайым халықтың ыстық қошеметіне бөлене білді. Қайрат шығармалшары өңіріміздің өнер саласындағы азаматтармен қатар, елімізге танымал Г.Ақүрпекова, С.Қалымов, Қ.Мақановтардың репартуарын жаңартты.
Қай өнер иесінің өз шығармасынан толық ләззат алмағаны секілді Қайрат ағамыз да «әннің бақытына жеттім деп ойламаймын» деп отыратын. Киелі Науырзым даласында дүниеге келіп, жасынан жарқ етіп көрінген ән-ғұмырдың арманы көп еді…
Биылғы көктемде облыс орталығында сазгердің «Қостанай – құтты мекенім» атпен өткен шығармашылық кешіне өнерін бағалаған жұртының сағына келгеніне куә болдық. Тұнып тұрған лирика, туған жер, бақыт, достық тақырыбына жатық әуендерін залда отырған халық бірге шырқап отырды.
Елің-жұртыңмен қауыша келіп, жүрегіңнен шыққан жылы әуендеріңді тастап кеткенің бе сонда? Әнің ұмытылмайды, Қайрат аға! Сол әндеріңнің ендігі иесі – мыңдаған тыңдарманың… Бақұл бол!
 
"Қостанай таңы" газеті ұжымының атынан

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓