ЖАҢҒЫРУ ҮДЕРІСІ
Байыптап қарасаңыз, бүгінде есі кірген естиярымыздан бастап, абыздай қарияларымызға дейін біліп отыр: төрткіл дүниедегі адамзат жанталаса, бәсекелесе адам болып өмір сүрудің ең озық амалдарына ұмтылуда. Әр ел шама-шарқынша осы бір жаңғыру үдерісінде бел шеше кірісіп, өзіндік жарқын болмысын сақтап қалуға тырысуда. Осы жарқын болмыс үшін бұл жолы да Елбасы ел дамуының жаңа белестерін айқындап санамалап-саралап берді. Толғауы тоқсан тірліктің 10 бағытын сығымдап, шынайы бет-бедерін нақтылады.
Жаңа дүниеге қадам басқан сайын біздің қалай жұмыс істейтініміз бен балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізге дейін өзгеріске түсіп жатқанын атап көрсетті.
Елбасы экономикалық серпінді даму жолдарын көрсетумен қатар, осы саладағы түбегейлі жаңғыру стратегиясына тағы да еске салды. Елімізде табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасқаны, конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы балансты нақтылай түскені айтылды.
Жұмыр жердегі Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде біздің ұлттың қайта түлейтін, тың серпіліс жасайтын кезеңі туды. Ең алдымен, қарапайым адамдарға деген қамқорлық басты назарда ұсталып отыр. Айталық, зейнетақы жүйесі жаңғыруда. « Кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алатын болады», – деді Президент. Зейнетақы, жәрдемақы мен өтемақының еселеп артты, мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбегіне қарай жалақысының өсетін болды. Ауылдардағы сапалы ауызсу үшін Үкімет жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажеттігі атап айтылған.Елбасы адами капиталға айрықша маңыз берген.
«Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық», – деді Елбасы. Бұл – аса маңызды фактор. Былтырдан бері қазақ қоғамы айрықша бір серпіліс үстінде. Қазақ үшін аса қастерлі ана тілі, туған жер, туған ел, туған тарих секілді құндылықтармызды қайта жаңғырту ісі басталып кетті. «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс, – деді, ел Көшбасшысы. – Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында».
Төл тіліміздің тағдыры – Елбасының назарында. «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет»-дей келе терминдерді аударудағы келеңсіздіктерді мысалдап, келешекте қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керектігін, латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік беретінін айтты..
Елбасы: «Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік», – деп түйіндеді.
Елбасы: «Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік», – деп түйіндеді.